Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Сурет: expertnews.kz
БҰҰДБ-ның жаңартылған есебінде Қазақстан 193 елдің ішінде 60-орынға ие болып, аймақ елдерін артта қалдырды. Еліміздің HDI көрсеткіші 0,837-ге тең, бұл елде өмір сүру сапасы жоғары дегенді білдіреді. Адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттер қатарына Ресей (0,832, 64-орын), Беларусь (0,824, 65-орын) пен Армения (0,811, 69-орын) енген.
БҰҰ Даму бағдарламасындағы HDI көрсеткіші үш негізгі бағыт бойынша бағаланады: ұзақ әрі саламатты өмір сүру, білімге қолжетімділік, лайықты өмір сүру деңгейі. Есепте әрбір елдің халықтың әл-ауқаты, өмір сүру ұзақтығы, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері сараланып, салыстырмалы түрде көрсетіледі.
HDI есебіне сәйкес, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жыл. Сонымен қатар болжалды оқу ұзақтығы – 14 жыл, ал орташа оқу ұзақтығы – 12,5 жыл. Сондай-ақ сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 30,9 мың доллардан асты.
1990 жылдан бері еліміздің осы тұрғыдағы индексі 21,5 пайызға өскен. Зерттеу авторлары жасанды интеллектінің дамуына да ерекше назар аударып, жаңа технологиялар азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өткен. Сондай-ақ мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім беру мен басқа да салалардың тиімділігін арттыру арқылы елдің адам дамуы көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға ықпал етуі мүмкін екенін айтады.