Холанн ширек финалда ойнайды

08.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»

Канада доп додасын қабылдаушы мемлекеттердің бірі болса да, бұл бәсекенің фавориті Марокко екеніне ешкім шүбә келтірген жоқ. Хьюстондағы кездесуді қарқынды бастаған канадалықтар тайлы-тұяғымен бірден шабуылға шықты. Олардың бетін қайтару үшін қарсыластарына біраз тер төгуге тура келді. Салқынқандылық сақтаған Марокконың футболшылары асықпай-аптықпай жүріп, өз дегендеріне жетті. Барлық «қызық» екінші таймда басталды. 50-минутта Аззедин Унахи есеп ашса, 82-минутта ол дубль авторы атанды. Соңғы минуттарда Суфиан Рахими матчтың соңғы нүктесін қойды – 3:0.

Франция мен Парагвай арасындағы кездесу Пен­сильвания штатында өтті. Кіл жұлдыздардан жасақталған Франция құрамасының толас­сыз шабуылына парагвай­лықтар дер кезінде тойтарыс берді. Үзілістен кейін де осы жағдай қайта­ланды: Франция шабуылдады, Парагвай қорғанды. Екінші кезең бел ортадан асқанда айып алаңына екпіндеп енген Дэзире Дуэні жан-жағынан қалқалаған қорғаушылар етпетінен құлатты. Төреші 11 метрлік нүктені нұсқады. Мбаппе допты дәл тепті – 1:0. Осы есеп матчтың соңына дейін сақталды. Ширек финалда Франция Мароккоға қарсы ойнайды.

Бразилия мен Норвегия футболшыларының «Мет­лайф-стэдиумдегі» бәсекесі басталғанда бес дүркін әлем чемпионы атағына ие ко­манданың алға шығуына тамаша мүмкіндігі болды. 13-минутта Норвегияның қақпасына пенальти белгіленді. Бруно Гимарайнштің тепкен добының бағытын Орьян Ньюланд дөп тапты. Жалпы, бұл кездесуде «Севилья» қақпашысы өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол бразилиялықтардың тынымсыз шабуылының талайына тосқауыл болды. Үзілістен кейін Столе Сольбакеннің шәкірттері алаңға дәл сондай жігермен шығып, екі рет мергендік танытты. Дубль авторы – Эрлинг Холанн.  90 + 10-минутта Неймар пенальтиді мүлтіксіз орындады – 1:2. Осылайша, Норвегия өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты.

Мексика мен Англия құ­рамаларының тартысы ағыл­шындардың пайдасына шешілді. Джуд Беллингемнің дублінен кейін (36,38-минуттарда) еңсе тіктеген мек­сикалықтар сапынан 42-минутта Хулиан Киньонес есеп айырмасын қысқартқан. 60-минутта Харри Кейн пенальтиден үшінші голды соқты. 69-минутта Рауль Хименес екінші голды соққанымен, еш нәтиже бермеді. Англия ширек финалда. 

Арлингтондағы «Эй-ти-энд-ти Стэдиумде» Пир­неней түбегінің қос гранды – Испания мен Португалия айқасты. Тартыс 90 минуттан асқан тұста Испанияның асығы алшысынан түсті. Стандартты жағдайды орындау барысында доп Микель Мериноға жетті. Ол мүлт кеткен жоқ – 1:0.

Испанияның ширек фи­нал­дағы қарсыласы АҚШ пен Бельгия құрамалары ара­сындағы бәсекеде анықтал­ды. «Люмен Филдтегі» ойында еуропалықтардың мысы басым болды. 9-минутта Шарль Де Кетеларе есеп ашса, 31-й минутта Малик Тилльман таразы басын теңестірді. Арада бар-жоғы екі минут өткенде Де Кетеларе бельгиялықтарды қайта алға шығарды. Екінші таймда Ханс Ванакен мен Ромелу Лукаку тағы екі рет АҚШ-қа ойынды алаңның ортасынан бастауға мәжбүр етті, есеп – 4:1.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью