ХҚС Бас прокуроры қызметінен босатылды сот тарихында алғаш рет

25.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Халықаралық қылмыстық сотқа мүше елдер бас прокурор Кәрім Ханды көпшілік дауыспен қызметінен босатты. Мұндай шешім сот тарихында алғаш рет қабылданып отыр. Оған жыныстық сипаттағы қысым көрсетті деген айып бойынша жүргізілген тергеу себеп болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Кәрім Ханның қызметінен кеткені туралы БҰҰ сайтында жарияланды.

Халықаралық ұйымның мәліметінше, 2021 жылы мүше мемлекеттер тоғыз жылға сот прокуроры етіп сайлаған Ханды қызметінен босату туралы шешім 125 елдің қатысуымен өткен жабық дауыс беру кезінде жай көпшілік дауыспен қабылданған.

"Ассамблеяға мүше 82 мемлекет Кәрім Ханның ауыр іс-әрекетке барғанын және қызметтік міндеттерін өрескел бұзғанын мойындап, оны қызметінен босату туралы шешім қабылдады", - деді Ассамблея төрағасы. Ол осы іске қатысы бар адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қол сұқпауға шақырды.

БҰҰ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар Халықаралық қылмыстық сот кейінгі жылдары бірнеше атышулы қамауға алу ордерін шығарды. Соның ішінде 2023 жылы Ресей президенті Владимир Путинді, ал 2024 жылы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындауға ордер берілгені БҰҰ таратқан хабарламада айтылған.

Енді Халықаралық қылмыстық сот ассамблеясы жуық арада жаңа прокурор сайлауға тиіс.

Еске салайық, Ханға жыныстық сипаттағы қысым көрсетті деген айып тағылған. Алайда ол бұл айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарған.

Маусымда ішкі тексеру оның қызметтік әдеп талаптарын өрескел бұзғаны туралы қорытынды жасағаннан кейін Хан тергеу аяқталғанша міндетін атқарудан уақытша шеттетілген еді. Ол бұл тұжырымдармен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеді.

Тәуелсіз бақылау тобының есебінде де Ханның "елеулі заңбұзушылықтарға" жол бергені көрсетілген. Дегенмен ол тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып келеді.

Euronews-тің жазуынша, Ханның қызметінен босатылуы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Халықаралық қылмыстық сотқа қысымы күшейген тұста болып отыр. Бұған дейін Вашингтон Ханға және соттың тағы он екі қызметкеріне санкция салған.

Бұл шектеулер соттың Газа секторындағы соғысқа байланысты Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктерін, соның ішінде премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды тұтқындауға ордер беруіне, сондай-ақ, Ауғанстандағы оқиғаларға қатысы бар америкалық әскерилер жөніндегі тергеуге жауап ретінде енгізілген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өткен аптада Вашингтонның "Халықаралық қылмыстық соттың АҚШ егемендігіне төндіретін қатерін жоюға бағытталған ауқымды науқанды" бастайтынын мәлімдеген.

Ханның қызметінен босатылуы бұған дейін шығарылған қамауға алу ордерлеріне бірден әсер етпейді. Олардың күшінде қалу-қалмауын тек Халықаралық қылмыстық соттың судьялары шешеді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью