Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Әскери дереккөздер мәліметінше, бейсенбіде хуситтер әлемдік энергия тасымалының тағы бір маңызды нүктесі болып саналатын Йеменнің Мока порт қаласын өз бақылауына алды. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп аралық сайлаудан кейін соғыс аяқталады деп күтетінін мәлімдегеннен бірнеше сағат өткен соң болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Йемен үкіметтік әскеріндегі төрт дереккөз басылымға хуситтер Қызыл теңіздің оңтүстік шығысы әрі әлемдегі ең маңызды теңіз жолдарының бірі – Баб-эль-Мандеб бұғазындағы ықпалын күшейткенін және стратегиялық маңызы бар Ханиш аралдарына шабуыл жасай бастағанын хабарлады. Олар қазірдің өзінде екі аралға жеткен.
Егер хуситтер Арабия түбегінің Ормуз бұғазына қарама-қарсы жағында орналасқан су жолына толық бақылау орнатса, бұл екінші ірі транзиттік дәліз арқылы жеткізілетін тауар көлемін азайтып, мұнай бағасының күрт өсуіне әкеп соғады.
Мұнай экспорты бойынша көшбасшы Сауд Арабиясы Иранмен қақтығыс салдарынан әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін Қызыл теңіз бағытына көбірек иек арта бастаған болатын.
Жеткізу жолдарындағы іркіліске қатысты қауіп аясында мұнай бағасы қазірдің өзінде 3,5 пайызға өсті.
Пәкістан Иранға Йемендегі одақтас хуситтерді ауыздықтау туралы ескерту жолдады. Бұл қадам Сауд Арабиясына жасалған шабуылдардың және Қызыл теңіздегі кеме қатынасына төнген қауіптің күшеюіне байланысты жасалды, деп хабарлайды саудиялық, пәкістандық және ирандық дереккөздер. Сауд Арабиясының Хамис-Мушайт қаласында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандардың шабуылына байланысты бір тәулік ішінде төртінші рет төтенше жағдай жарияланды.
ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР
306 заңбұзушылық: Астанада жүргізуші жазаланды
Кеше 18:00 1
Иранның жоғары лауазымды шенеунігі сейсенбіде Исламабадтан жолдау алғанын растап: "Иран хуситтерді бақыламайды", - деп мәлімдеді.
Мұнай транзитінің тағы бір бағытының бұғатталуы Парсы шығанағы аймағында ақпаннан бергі кемелерге жасалған өзара шабуылдардың ең үлкен толқыны кезінде болды.
"Меніңше, соғыс сайлаудан кейін бірден аяқталады, өйткені олар бұдан былай қарсы тұра алмайды. Олар сайлауға ықпал етуге жанталаса тырысып жатыр", - деді АҚШ президенті Дональд Трамп бір күн бұрын.
Вашингтон бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы танкерлердің өтуі жақсарғанын хабарлаған болатын, соғысқа дейін әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі осы жолмен тасымалданатын. Алайда әскери қимылдардың қайта жандануы бұл ілгерілеуді тежеп тастады: трекингтің алдын ала мәліметтері бойынша, сәрсенбіде бұғаздан жеті кеме өткен, бұл кейінгі 10 күндегі орташа көрсеткіштің жартысына жуығы.
Сәрсенбіде Иран АҚШ ирандық бес танкерді суға батырғанына жауап ретінде Ормуз бұғазы маңында 10 кемеге шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Анықтама: Баб-эль-Мандеб - Парсы шығанағынан Суэц арқылы Жерорта теңізіне шикі мұнай мен отын жеткізудің, сондай-ақ Азияға тауар тасымалдаудың әлемдік маңызы бар бағыттарының бірі. Иран қолдайтын "Қарсыласу осінің" бір бөлігі саналатын хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіне және сауда кемелеріне жасалатын шабуылдарды үдетіп, сонымен бірге Израильді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және зымырандармен атқылап жатыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу