Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Израиль қорғаныс армиясы сенбі, 28 наурыз күні таңертең Telegram желісінде әуе қорғанысы жүйесінің әскери дайындыққа келтірілгенін хабарлады.
Израиль қорғаныс армиясы мәліметінше, зымыран қағып түсірілген, қаза тапқандар мен қирау фактілері тіркелмеген.
Йемен аумағында Иран қолдайтын радикалды-исламшыл хуситтер қозғалысы әрекет етеді. Бұған дейін олар Тегеранға «толық әрі мызғымас қолдау» білдіретінін мәлімдеген. Соңғы уақытта бұл топтың Йемен аумағынан Иран жағында соғысқа араласуы мүмкін деген қауіп күшейген еді.
Шабуыл үшін жауапкершілікті хуситтер мойнына алды. Оларға жақын Al-Masirah телеарнасының мәліметінше, Израильдің оңтүстігіндегі «маңызды әскери нысандарға» баллистикалық зымырандардан тұратын соққы жасалған. Топ сондай-ақ шабуылдарды жалғастыру ниетін білдірді.
Қызыл теңіздегі қауіп
Хуситтер бұған дейін де Қызыл теңізде және оған оңтүстіктен жалғасатын Аден шығанағында сауда кемелеріне бірнеше мәрте шабуыл жасаған. Қызыл теңіз бен Аден шығанағы әлемдегі ең маңызды сауда бағыттарының бірі саналады. Олар Солтүстік-Шығыс Африка мен Араб түбегінің арасында орналасып, Жерорта теңізі (Суэц каналы арқылы) мен Үнді мұхиты (Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы) арасындағы негізгі байланысты қамтамасыз етеді.
Хуситтер өкілі Яхья Сариа 27 наурыз күні топтың Иран жағында соғысқа қосылуға дайын екенін мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Сауд Арабиясы мен АҚШ Йемендегі хуситтердің соғысқа араласуына жол бермеуге тырысып жатыр.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, саудиялық шенеуніктер қақтығысқа тартпау үшін хуситтермен дипломатиялық байланысты сақтауға ұмтылып отыр.
- Егер хуситтер қақтығысқа қосылса, жағдай күрт шиеленіседі. Бұл Суэц каналы мен Мысырды да жанжалға тартып, Сауд Арабиясын одан әрі жақындата түседі, — деп келтіреді сарапшылардың бірінің пікірін The Wall Street Journal.
Осыған дейін Израиль армиясы Тегеранға ауқымды соққылар жасағанын хабарлаған болатын.