Идеядан индустрияға дейін

16.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Қазір университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар ғылым, инновация мен өндірісті байланыстыратын маңызды орталыққа айналып келеді. Елдің экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жоғары оқу орындарының рөлі ерекше екені белгілі.

Университеттердің дамуы жаңа идеялардың пайда болуынан басталып, оларды ғылыми зерттеулер арқылы жетіл­дірумен жалғасады. Кейін бұл жаңа­лық­тар стартаптар, технологиялар және өндірістік жобалар түрінде іске асырылып, нақты индустрияның дамуы­­на үлес қосады. Осылайша, «идея – ғылым – инновация – индустрия» тізбегі қалыптасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ғылым мен жоғары білім саласын жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, ғылым мен бизнестің байланысын нығайту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми зерт­теулерді қаржыландыру көлемін арттыру, инженерлік және техникалық мамандықтарды дамыту, университеттер жанынан технологиялық парктер мен инновациялық орталықтар құру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру арқылы өндірісте қолдану деңгейін көтеру міндеттері қойылған еді.

Бұл тапсырмалар университеттердің халықаралық деңгейдегі зерттеу орта­лық­тарына айналуына және эконо­ми­каның нақты секторымен тығыз ықпал­­­дасуы­на мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары өзіміз қызмет атқарып отырған М.Х.Дулати атындағы университет терең институционалдық трансформациядан өтті, оның басты мәні маман даярлаумен шек­телуден өңірдің дамуына нақты үлес қосуға қарай ауысып жатыр. Бұл өзгерістің айқын көрінісі ретінде халықаралық академиялық кеңістікте Dulaty University бренді ретінде танылуға бағыт алынды. Аталған ұмтылысты сыртқы әсемдік әре­ке­ті ретінде емес, өңірге шетелдік әріптес­терді, инвес­торларды және ғылыми желі­лер­ді тарту құралы ретінде түсінген жөн, өйткені уни­­вер­ситеттің беделі түптеп кел­ген­де өңір­­­дің беделімен тікелей байланысты болады.

Бұл бағыттың нәтижелілігі нақты көрсеткіштермен расталады. Былтыр өзге елден келген студенттер саны бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда шамамен 4,5 есеге өсіп, жалпы контингенттің 6,2 пайызын құрады, ал университет әлемнің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарымен 194 ынтымақтастық келісіміне қол қойды, олардың 64-і алыс шетел университеттерімен жасалған. Сонымен қатар есепті жылы профессор-оқытушы құрамының 70 өкілі Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Португалия және басқа елдердің жетекші ғылыми орталықтарында тағы­лым­дамадан өтті, бұл академиялық әлеует­тің нығаюын айғақтайды.

Университеттің тұжырымдамалық ұстанымы «Идеядан индустрияға дейін» деген қысқа қағидаға негізделген. Бұл тізбекте ғылым жаңа идеяны тудырады, инновация оны зертханалық жағдайда нақты прототипке айналдырады, ал индустрия аталған прототипті дайын өнімге, жұмыс орнына және өңірлік жалпы өнімге ұластырады. Осы тізбекті біз нақты институционалдық тұл­ғаға айналдырдық, оның негізінде ин­новациялық-индустриялық хаб «ЮГ» пен өңір­лік құзыреттілік орталығы жұ­мыс істейді.

Сарапшылық бағалау бойынша хаб­тың экономикалық әсері 2025 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде 100 мил­лиард теңгеден асады деп күтіліп отыр, бұл өз кезегінде шамамен 10 мың жұмыс орнының құрылуына ықпал етеді. Бүгінде хаб төңірегіне жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын жобаларды ұсынатын он сенімді серіктес топтасты. Олардың ішінде «ЕвроХим», «QazaqSoda», «Fujian Hengwang» және «Fufeng» сияқты ірі өнеркәсіптік компаниялар, сондай-ақ баламалы энергетика саласындағы «Total Eren» жел электр стансасы бар. Аталған көрсеткіштер – қағаз жүзіндегі ниет емес, нақты инвестиция мен қол қойылған келісімдердің нәтижесі.

Ғылым мен индустрияның тоғысуы­ның айқын мысалы ретінде Д.И.Мен­делеев атындағы Ресей химия-технология университетінің Тараздағы филиалын және онымен байланысты желілік кампус­ты атауға болады.

Университеттің 2030 жылға қойған сандық межелері айқын белгіленген. Атап айтқанда, студенттер контингенті 25 мыңға жетіп, университеттің жылдық табысы 30 миллиард теңгеге дейін өсуі көзделіп отыр. Бұл межелер бос ұмтылыс емес, бүгінгі нақты нәтижелерге сүйенеді, өйткені 2025 жылы түлектердің жалпы жұмыс­пен қамтылу деңгейі 74 пайызды, ал мем­лекеттік грант бойынша оқығандар арасында 85 пайызды құрады, бұл біздің даярлығымыздың еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетінін дәлелдейді. Алайда біздің басты мақсатымыз тек сан­дық көрсеткіштермен өлшенбейді, себебі біз өңірмен біте қайнасып, оның эко­номикасын жүйелі түрде алға жылжытатын жаңа университет моделін қалып­тас­тыруды көздейміз.

Қорытындылай келе, университет­тер­­дің басты мақсаты – тек маман даяр­лау емес, сонымен қатар жаңа идеяларды өндірісте жүзеге асырып, ел эконо­ми­­касының дамуына нақты үлес қосу. Пре­зидент белгілеген міндеттер осы бағыт­тағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.

Ләззат ЕРКІНБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью