Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Министрліктің мәліметінше, аталған апат бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісіне қатысты сот санкциясымен қамауға алу шарасы қолданылды. Оқиға кезінде оның жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болғаны анықталған.
Сонымен қатар министрдің тапсырмасымен қызметтік тексеріс басталды. Оның объективті әрі толық өтуін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласына ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары тәжірибелі қызметкерлермен бірге жіберілген.
Мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген уәж бойынша да қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек, Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тексеру нәтижесінде кадрлық шешімдер қабылданды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
– Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апатқа қатысушылар да, лауазымды тұлғалар да жауапкершілікке тартылады. Азаматтарды, әлеуметтік желі қолданушыларын және бұқаралық ақпарат құралдарын тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырамыз. Жалған ақпарат үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң бәріне бірдей, ешкімнің лауазымы немесе байланысы артықшылық бермейді, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы бақылауда екенін хабарлаған болатын.