ІІМ “Кітап оқитын ұлт” республикалық жобасын іске асыруға қосылды

06.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен “Кітап оқитын ұлт – Читающая нация” қоғамдық қоры “Кітап оқитын ұлт” республикалық жобасын бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, — деп хабарлайды  Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Құжатқа Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков пен “Кітап оқитын ұлт - Читающая нация” қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды. 

Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлығын іске асыру, сондай-ақ қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңды құрметтеу және оны сақтаудың маңызын азаматтардың саналы түрде түсінуіне бағытталған “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 

Меморандумға сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлері “Кітап оқитын мемлекеттік қызметші” арнайы бағыты бойынша өтетін “Кітап оқитын ұлт” республикалық кітап оқу марафонына қатысады. 

Алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқып, өздерінің әсерлерімен бөлісіп, жоба аясындағы зияткерлік іс-шараларға қатысады. 

Марафонның басты мақсаты — тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуды кеңінен насихаттау және мемлекеттік қызметшілер арасында үздіксіз өзін-өзі дамыту дағдысын орнықтыру.

Жоба өзінің өзектілігі мен тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 2025 жылы марафон пилоттық режимде Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында өткізіліп, түрлі жас санаты мен мамандықтағы 189 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері марафон жеңімпаздарының қатарынан көрінді. 

Қостанай облысы полиция департаменті штабының талдау, жоспарлау және бақылау бөлімінің бастығы Гүлзат Мұстафина II орынды иеленсе, Теміртау қаласы төтенше жағдайлар басқармасы өрт сөндіру бөлімінің бастығы Владимир Конев III орынға ие болды. 

Олардың жетістігі білімге ұмтылу мен үздіксіз даму мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі екенін айқын көрсетті. Пилоттық кезеңнің табысты нәтижелері бастаманы республикалық деңгейде кеңейтуге және оған мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тартуға берік негіз қалады.

— Кітап оқу — полиция қызметкерінің кәсіби және рухани дамуының маңызды негізі. Ол білімді жетілдіріп, ой-өрісті кеңейтеді, патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін нығайтады. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2024 жылдан бастап бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Министрлікте және өңірлік департаменттерде кітапханалар ашылды. Полиция қызметкерлері кітап оқуда қызығушылық танытып, әр ай сайын жаңа кітап оқып жүр. Сонымен қатар министрлікте жыл сайын детектив жанырындағы “Серт” конкурсы өткізіледі. Үздік шығармалар кітапта шығарылады. Министрлік шығарған кітаптар цифрлық кітапханаға енгізілуде, — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков. 

— Оқу мәдениетін дамыту – Мемлекет басшысы айқындаған жалпыұлттық міндет. Біз үшін Ішкі істер министрлігінің жобаға қосылуы ерекше маңызды. Полиция қызметкерлерінің марафонға қатысуы қазіргі мемлекеттік қызметшінің тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен қатар білімге, дамуға және өзін-өзі жетілдіруге ұдайы ұмтылатын тұлға екенін көрсететін жарқын үлгі болады деп сенемін, — деп атап өтті “Кітап оқитын ұлт — Читающая нация” қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков. 

Меморандумға қол қойылуы тараптардың кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайту және Қазақстанда жаңа оқу мәдениетін қалыптастыру жолындағы күш-жігерін біріктіруге деген ұмтылысын айғақтайды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью