Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі WhatsApp пайдаланушыларының аккаунттарына рұқсатсыз кіру жағдайлары туралы ескертті. Ведомство өкілдері есептік жазбаны қалай қорғауға және бұзып кіру белгілерін қалай анықтауға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
WhatsApp-ты қалай қорғау керек?
ІІМ екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады. Ол үшін WhatsApp-ты ашып, "Баптаулар" (Настройки) бөліміне өтіп, "Аккаунт", содан кейін "Екі сатылы тексеру" (Двухэтапная проверка) тармағын таңдап, "Қосу" (Включить) батырмасын басу қажет. Содан кейін алты таңбалы PIN-кодты орнатып, кіру мүмкіндігін қалпына келтіру үшін электрондық пошта мекенжайын көрсету керек.
ІІМ PIN-кодты басқа адамдарға айтуға болмайтынын қатаң ескертті.
Сондай-ақ пайдаланушыларға қосылған құрылғылар тізімін жүйелі түрде тексеріп отыруға кеңес беріледі. Ол үшін WhatsApp мәзірін ашып, "Байланыстырылған құрылғылар" (Связанные устройства) бөлімін таңдап, тізіммен танысу қажет.
Егер олардың арасында бейтаныс құрылғы табылса, оны таңдап, аккаунтқа кіруді тоқтату үшін "Шығу" (Выйти) батырмасын басуға болады.
WhatsApp аккаунты бұзылғанын қалай білуге болады?ІІМ рұқсатсыз кірудің бірнеше белгісін атап өтті:
белгісіз құрылғылардың қосылуы; аккаунт иесінің хабарынсыз хабарламалардың жіберілуі; таныстардан сіздің атыңыздан келіп түскен күмәнді өтініштер туралы хабарламалардың келуі; тиісті сұраусыз SMS-растау кодының келуі;аккаунттан өздігінен шығып кету.
Күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда, ІІМ "Байланыстырылған құрылғылар" бөліміндегі барлық белсенді сеанстарды аяқтауды және екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгертуді ұсынады.
Сонымен қатар контактілерге аккаунттың бұзылған болуы мүмкін екенін ескертіп, смартфон мен компьютерді зиянды бағдарламалардың бар-жоғына тексеру қажет.
Күмәнді хабарламалар келгенде не істеу керек?Сондай-ақ ІІМ SMS немесе мессенджерлер арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдардың нұсқауы бойынша бөгде қосымшаларды орнатпау керек.
"ҚР ІІМ ескертеді: егер танысыңыздан шұғыл ақша аудару туралы хабарлама алсаңыз, міндетті түрде онымен телефон арқылы немесе басқа жолмен байланысып, хабарламаны шынымен аккаунт иесі жібергеніне көз жеткізіңіз", - делінген хабарламада.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу