Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Әр иттің өз бағыты мен мамандануы бар. Мысалы, бірі жарылғыш заттарды анықтауға үйретілсе, енді бірі із кесу, жоғалған адамдарды табу немесе қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына қатысады. Иісшіл иттер полицейлермен бір сапта жұмыс істеп, арнайы операциялар мен қауіпті жағдайларда алдыңғы шепте жүреді.
Осындай жауапты қызметті атқаратын иттердің денсаулығы мен қызметке дайындығы — орталықтағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл істің басы қасында ветеринарлық фельдшер Татьяна Демяшева жүреді.
Татьяна Демяшева ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Волгоград ауыл шаруашылығы академиясында жоғары білім алған маман бұл салаға бірден келмеген. Әртүрлі бағытты байқап көріп, жануарларға көмектесу — оның жүрек қалауы екенін түсінеді. Алғашында жеке ветеринарлық тәжірибемен айналысып, мал дәрігері болып жұмыс істеген. Кейін кинологиялық қызметтің бұрынғы басшысының шақыруымен полиция департаментінің кинологиялық орталығына қызметке орналасады.
Бүгінде оның күнделікті жұмысы нақты тәртіпке негізделген. Қызметтік иттердің жалпы жағдайын бақылау, дене қызуын өлшеу, тәбеті мен мінез-құлқына назар аудару, профилактикалық шаралар жүргізу — бәрі ветеринарлық бақылауда. Вакцинация, паразиттерге қарсы өңдеу, дәрумендер мен минералдық қоспалар беру, жуындыру жұмыстары арнайы құжаттарда тіркеледі.
— Олар сөйлей алмайды, бірақ бәрін сезеді. Қимылынан, көзқарасынан-ақ мазасыздықты аңғаруға болады. Біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, — дейді Татьяна Демяшева.
Кинологиялық қызметте жұмыс уақыты нақты кестемен шектелмейді. Пандемия кезінде полиция қызметкерлері қызметтік иттерімен бірге блокбекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарған. Сол уақытта ветеринарлық фельдшер барлық бекетті аралап, иттердің жағдайын бақылап, ауа райының қолайсыз кезінде олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге атсалысқан.
Маманның айтуынша, ең күрделі кезең — жас иттердің орталыққа бейімделуі және қызметтік иттерді зейнетке шығарып салу сәті. Әдетте олар 7-8 жасқа келгенде есептен шығарылады. Қауіп-қатермен қатар жүретін бұл қызметте әр кезекшілік үлкен жауапкершілік жүктейді.
— Әр сапарға шыққанда алаңдайсың. Себебі олар бірінші болып қауіпті аймаққа кіреді. Иттер — кинологиялық орталықтың ең басты қызметкерлері, — дейді кейіпкеріміз Татьяна Демяшева.
Айта кетейік, былтыр Атырау облысында қызметтік иттердің қатысуымен 120 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды.
Осыған дейін Абай облысында қызметтік иттердің көмегімен 28 қылмыс ашылғаны туралы хабарлаған едік.