Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ресей әскері Украинадағы Әзербайжанның энергетикалық инфрақұрылымы мен елшілігіне үш реттен соққы берді. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында «Украинская правда» басылымына берген пікірінде мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Украинадағы Әзербайжанның энергетикалық инфрақұрылымына үш рет, сондай-ақ Әзербайжан елшілігіне де үш мәрте шабуыл жасалды. Бірінші шабуылдан кейін біз мұны кездейсоқтық шығар деп ойлап, ресейлік әріптестерімізге Әзербайжанның барлық дипломатиялық өкілдіктерінің, соның ішінде консулдық бөлімнің, мәдени орталықтарымыз бен басқа да нысандардың координаттарын бердік. Соған қарамастан, тағы екі шабуыл болды. Сондықтан бұл Әзербайжанның дипломатиялық өкілдігіне жасалған саналы шабуыл болды», — деп толықтырды Әзербайжан президенті.
Әлиев өз елінің үкіметі «барлық қажетті дипломатиялық қадамдарды» жасағанын нақтылады: арнайы мәлімдемелер жасалып, елшіге хабар берілген және дипломатиялық нота жолданған.
«Біз тек дипломатиялық жолмен әрекет етеміз. Қолдан келер басқа амал жоқ», — деп атап өтті ол.
Президент Ресейдің бұл әрекеттері «әрине, Әзербайжанға жасалған достыққа жатпайтын қадам ретінде бағаланатынын» мәлімдеді.