Илья Жақанов, композитор: Қазақ руханиятының тамыры тереңде

03.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Сұхбат барысында біз кейіпкеріміздің өмір жолындағы ұлы ұстаздары, қазақ руханиятының тағдыры, өнердің өзара байланысы мен бүгінгі қоғамның бет-бейнесі туралы ой қозғадық. Сұхбат  өткен мен бүгінді, тұлға мен ұлт тағдырын сабақтастыра сөйлеткен терең рухани әңгіме болды деген сенімдеміз. 

– Өмір жолыңызда кімдерді өзіңізге ұстаз тұтасыз? 

– Мен үшін бұл сұрақтың мәні зор. 1954 жылы Киров атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түскен болатынмын. Сол оқуда жүрген кезімді өзімнің ең бір  ба­қытты сәттерім дер едім. Сол уни­верситеттің қабырғасында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов абайтану дәрісін беретін.  Сондай тұлғаның дәрісін  ауылдан келген қарапайым балаларға тыңдау бақыты бұйырды. 

Ол  кісі тереңнен толғап, атақты «Абай жолы» романына деректерді қалай жинағанын, романға кірмей қалған жерлер туралы айтатын.  Мұхтар Әуезовтің дәрісі  жай ғана лекция емес, қазақ даласының басынан өткен сан қилы тағдырдың  философиясындай көрінетін мен үшін.

Ол кісінің жүріс-тұрысы, киген киімі, өзін ұстау мәдениеті  – барлығы бізді үлкен ұлағатты адамдардың сөздеріне мән беруге, оларды тыңдап, сөздерін жаттап, санаға тоқып өсуімізге ықпал етті. 

Сол университет қабырғасында бізге   ұлы адам Мұхтар Әуезовпен бірге Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев сабақ берді.  Олардың әрбір лекциясы, әрбір сабағы   біз үшін ерекше құбылыс болатын. Себебі лекция кезінде жан-жаққа қарасақ,  біздің  аудиторияда 65 студенттен бөлек, ақсақалдар, әскери адамдар, бәйбішелер отыратын.  Сөйтсек, олар Мұхтар Әуезовтей алыпты  тыңдау үшін өздері оқу орнына іздеп келеді екен. Міне, бір өзі  өмірлік кітап сияқты  болған Мұхтар Әуезов, содан кейін Шыңғыс Айтматов  менің өмірге деген  көзімді ашқан, үлкен дүниелік,  рухани білім берген ұстаз­дарым болды деп айта аламын. 

– Өзіңіз жазып жүрген шығарма­ларыңыздың ішіндегі рухани өмірбая­ныңызға жақын қай туындыны атап өтер едіңіз?

– Зерттеген әр әнімнің қағазға  түскен  хикаясы, тарихы мен үшін өте қымбат. Өйткені бұл өз халқымның арғы-бергі замандағы бүкіл рухани байлығы, қазынасы, тарихы, тағдыры және біздің халқымыздың кім екенін білдіретін мәңгілік шежіресі дер едім. Осы ұлы музыка әлемін зерттеп жүріп,  қазақтың ғасырлар бойы келе жатқан жолынан, дәстүрінен тайған емеспін. Менің о бастағы музыкадан алған нәрім  қазақтың «Елім-ай» әнінен басталады. Міне, «Елім-ай» арқылы  халқымның кім екенін, қалай, қандай жағдайда қилы тағдырды бастан өткергенін сезініп, жүрегімнен өткіздім. 

Халқымыз қандай қиыншылықты, қасіретті көрсе де, соның барлығын әндерінде қалдырып отырған.   Сон­дықтан мен өз зерттеулерімде осы нәзік дүниені жоғалтпауға, сақтауға тырыстым.

Кешегі өмірден өткен тағы бір ұлы ұстазым Ахмет Жұбанов жасаған тірлікті орта жолда қалдырмай, тереңдетіп, байытып, музыка мамандарына, халыққа жұмыр күйінде жеткізуге тырыстым. Өкінішке қарай, Ахмет Жұбанов  қиыншылықты, қуғынды көп көрді. 

–  Сіз суретті де саласыз, музыканы да жазасыз. Жалпы, осы екі өнердің ішкі бір ұқсастығы, байланысы бар ма?

– Әйгілі Шопеннің «Сөз біткен жерден музыка басталады» деген сөзі бар.  Расында, көркем шығар­маны суреттеп отырғанда ән  жазып не роман жазып отырғанда бітпеген, жеткізе алмай отырған ойыңды сәл ғана бере алмай,  толқып, тебіреніп, қыбырлап отырған кезде музыка тыңдайсың. Сол  кезде барлық жан сарайың тереңнен ашылып жүре береді.

Мейлі, ол  өлең, жыр, сурет, музыка болсын,  осының барлығын бізге беретін кім? Әрине,  ұлы таби­ға­тымыз. Қазақ тілі қандай кең, қандай көркем, қандай сұлу болса, біздің де шығармаларымыз әсемдікті бере алды деп ойлаймын. Және өнер­дің арасындағы көркем  байла­ныстың өзі  осы  ерекшелікті көр­сетіп тұр. Атырауға келіп қоныс­танғаннан кейін, 76 жасымда Халел Досмұха­медов атындағы Атырау уни­верси­тетінің сурет факультетіне оқуға түс­тім. Шын­дығында, менің сурет әлеміне қадамым  бес-алты жасымнан басталды. Ол кезде суретті даладағы тақырға, тастың бетіне салатынмын. Әйтеуір, сол өнерге деген ғашықтық айналдырып 76 жасымда университетке алып келді. Өнердің киесіне ұрынбау үшін де оған адалдық керек.

Менен өнердің бір-біріне байланысын сұрап отырсыз ғой. Өнердің бір-біріне байланыстылығы сол – өнер адамның жанын жан-жақты толықтырып тұратын  керемет құбылыс. Бұл кереметті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Кезінде  «Еділ мен Жайықты» қалай армандап шығарсам, ендігі арманым – Шу мен Арқаның ортасындағы байтақ дала туралы жазған әнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізу. Бұл эпикалық сипат­тағы,  кең тынысты, лирикаға толы, патриоттық ән.  

– Жалпы,  сізді  қазақ тарихында ерекше толғандыратын тұлға бар ма? Болса, ол туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақты қазақ еткен Абылай хан, Қасым хандар туралы айтуға болады. Бірақ ол кереметтердің тау тұлғасы бір сұхбатқа сыймайды. Арғы-бергі тарихты қазбаламай-ақ, өзіміз өмір сүріп жатқан дәл қазіргі сәтке ойыс­қаным дұрыс  деп ойлаймын. Себебі жастар сұхбатымды оқып жатса, тарихпен бірге көз алдындағы дүние­лерден тәлім алса екен деймін.

Қазір қазақ елін әлемге танытып,  елдің беделін көтеріп отырған,  жан-жақты білімді, үлкен парасат иесі бар. Ол – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы. Әр сөзінен адалдықтың, тазалықтың, ой-өрісі мейлінше кең, кемеңгер кісіліктің бекзаттық болмы­сын танығандай боламын.  Ол – басшы ғана емес, кемел  дипломат, гуманист, білікті тұлға. Еліміз дамудың жаңа бір кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жас­тарға, ғылымға, білімге, жаңа техно­логияларға жол ашылып жатыр.

Қиындықтың мыңдаған жолынан өткен қазақ даласынан Қаныш Сәт­баевтай планетадан жарқырайтын тұлғаның шығуына қандай нәрсе түрткі болды? Бұл – үлкен білім мен біліктіліктің, өресі зор, мәдениеті биік халықтың бойынан табылатын қасиет. Демек, осындай дара тұлға­лардың өмірге келуі – заңдылық.  Шынын айту керек, біздің халқымыз жан-жақты бай халық, рухани жағынан да, өнерден де,  ғылымда да, әдебиетте де болсын  мұраға және дара тұлғаларға бай. Айталық, Олжас Сүлейменов. Міне, ол кісінің арқасында біз кешегі ядролық қасіреттен құтылдық.

Қазір  өнеріміз керемет өркендеп бара жатыр.

Әншілеріміз,  шахматистеріміз, спортшыларымыз бар. Оның барлығы – еркіндік.  Енді есірмеуіміз керек.  Шетелден рақат іздемей, бар махаббат, мейірімімізді туған елімізге беруге тиіспіз.

Құдайдың өзі беріп отырған жақсы заманымыздың ұлы тыныштығын бұзбауымыз керек. Жастардың ара­сынан Димаш Құдайбергенді ерекше атап өткім келеді. Димаштың таланты­ның арқасында әлем қазақша ән айта бастады. Димаш  ұлттық музыкамызды, тілімізді, болмысымызды әлемге таны­тып жатыр. Шырқай берсін, жас талант дегім келеді. Димашпен бірге гроссмейстер Бибісара Асаубаева әлемді мойындатып отыр. Осындай байсалды мінезімен халқымызды жақсы жағынан дәріптеп жүрген жастарымызбен мақтануымыз керек.

– Аға,  қазіргі қазақ қоғамында халқы­мыздың рухани құндылықтары өз орнын қаншалықты сақтап отыр деп ойлайсыз?

– Біз  кеңестік дәуірді бастан кешкен ұрпақпыз.  Біздің «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз  түрлі қасіретті бастан кешті. Ұлт ретінде көп нәрседен айырылдық. Ата-бабаларымыздың бізге тастап кеткен терең өсиет сөздерін ұмыттық. Халықты құрту үшін оның ең алдымен тілін, әдебиетін, өнерін жою жеткілікті.  Осындай қысылтаяң кезеңде  халқымыздың  репрессияға ұшыраған музыкасының бір бөлігін алып қалуға үлес қосқанымды мақтан етемін.

Руханиятымыз үшін сәл бір жылымық орнап, оңтайлы сәт туған кезде  радиода музыка редакциясын басқарған едім. Сол кезде ұлттық құндылық­тарымыздың барлығын шашау шығармай,  қазіргі «Алтын қорда» сақталуы жолында әндерімізді қайта тірілттім.

«Еділді тартып алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны,

Ойдағысы болғаны», –

дейді Мұрат Мөңкеұлы.

Отаршылдықтың бізге берген қасіретін ақын-жазушыларымыз осылай толғады. Иә, жылымықтың өзі оңай болған жоқ. Біз сияқты зерттеушілерді архивке емін-еркін кіргізбейтін. Қысылып, қымтырылып жүріп, көп нәрсені алып қалдық. 

Қазақ халқының даналығы, терең­дігі археологиядан бастап,   біздің рухани  құндылықтарымызда жатыр. Шүкір, Тәуелсіздікпен бірге ұлан-ғайыр қазақ даласы оянды. Хан­дары­мызға, билерімізге, батырларымызға, ақын-жазушыларымызға арнап тұр­ғызған ескерткіштеріміз қазақ даласын үлкен галереяға айналдырды. 

Сондықтан қазіргідей бастан кешіріп жатқан бақытты кезеңнің қадіріне жете білуіміз керек. Жас ұрпақтың да түсінігі жақсы боп келе жатыр. Тек сақ болатын бір мәселе – біздің халықты бүлдіретін, рухани жағынан  аздырып тоздыратын, жаман  әдеттерге салыну, артық байлықпен есіріп, тойынғандық.

Бұл туралы кезінде Абай:  

«Тамағы тоқтық, 

Жұмысы жоқтық, 

Аздырар адам баласын», –

деп күйінген еді.

Сондықтан мен аштықтан, жалаңаштықтан, жетіспеушіліктен қорық­паймын. Мені қорқытатыны –  зерде­сіздік, ойсыздық, арғы-бергі өмірден, тарихтан хабары жоқ, көр пенделер.  Осы күйзелістің үстінде  Абайдың: 

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман.

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Телміріп, терін сатпай, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», –

деген өлеңіне үһілеп отырып ән жазып едім. Құдайдың өзі бізге арманымызды орындап, Тәуелсіздік алып берді ғой. Қазір біз еркін елдің бақытты  адамы болып отырмыз. Алайда дәл біздің қоғамда елдің сенімін арқалап билікке барған адамның  көбі қазір парақор­лықпен ұсталып жатыр. Осы бір тұрақсыздық көңіліме қаяу түсіреді. 

Француздың актері Ален Делон­ның «Осы қоғамның адамдарын көргім келмейді. Жан-жағымның бәрі алдам­шы, тұрақсыз, адамды сыйлай білмейтін адамдар» деген сөзі бар. Өкінішке қарай, бұл сөздердің біздің қоғамға да тікелей қатысы бар.  Қоғам рухани жағынан жүдемесе екен деп тілеймін. 

– Жастарға  айтар аманатыңыз бар ма?

–  Алғыр, патриот, білімді жастар өсіп келе жатыр. Мемлекет саясатын жүргізіп отырған тұлғалар жастардың талантын, мүмкіндігін ашатын жағдай жасауы керек. Жастарымызға әлі күнге дейін материалдық қолдау жет­іс­пей жатыр.

Мемлекет тарапынан жастарымызға мейірім, ықылас, қамқорлық керек. 

Жақсы мінез әдетте ақылдан туады. Ақыл қайдан шығады? Ақыл өзімізден, мемлекеттің жүргізіп отырған ұлттық идеологиясынан, тәрбиесінен шығады. Мысалы, үйімде қазір төрт шөберем бар. Кішкене Мағжан жылай бастаса, үлкені Асылхан  жүгіріп келіп, оны әнмен жұбатады. Қандай әнмен дейсіз ғой,  «Дудараймен».  Бұл менің отбасымдағы қалыптасқан өмірдің ықпалы, тынысы, әсері деп ойлаймын. Жастарымызды қолдап жүрейік, себебі олар еліміздің болашағын жасайды.

– Әңгімеңізге көп рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью