Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Елтай ауылындағы құрылыс жұмыстары қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты жарты жылдай тоқтап қалып, тек наурыз айында қайта жалғасқан. Бүгінгі күнге дейін нысанның шамамен 60 пайызы ғана орындалған.
160 орындық спорт кешенінің құрылысы 2025 жылғы 15 мамырда басталған. Құрылыс жұмыстарын мердігер ретінде «АймарСтройСервис» ЖШС атқаруда, ал тапсырыс беруші — аудандық құрылыс бөлімі. Шартқа сәйкес, нысанды 2026 жылғы 15 ақпанда пайдалануға беру жоспарланған еді. Алайда белгіленген мерзім сақталмай, құрылыс кешіктірілді.
Жұмыс 2025 жылдың 16 қыркүйегінде тоқтап қалған. Учаске бастығы Бисембай Сариевтің айтуынша, алты ай жұмыс тұралап, осы жылдың 3 наурызынан бастап іске қайта кіріскен. Жұмыс жетерлік көрінеді, әлі 40 пайызы бар. Айтуынша материалдардан кідіріс жоқ. Негізгі жұмыстардың басым бөлігі әлі алда.
Сонымен қатар, нысанға қатысты көші-қон қызметі тарапынан да сұрақтар туындаған. Жұмыс жасап жатқан шетел азаматтарына көші-қон полициясы хаттама толтырыпты. Енді сот шешіміне байланысты шара қабылданады.
Аудандық құрылыс бөлімінде кешігу себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігімен түсіндірілді.
- Өткен жылы облыстық бюджеттен сұранысқа сай қаржы бөлінбеді. Дей-тұрғанмен мердігер мекеме өз қаржысына кейбір жұмыстарды жасаған болатын. Биыл облыстан 1 млрд теңге бөлініп отыр. Шамамен маусымның басында мердігер мекеме обьектіні бітіріп, тапсыруға уәде етуде, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов.
Осылайша, қыста ашылуы тиіс болған нысан ұзақ уақыт тоқтап тұрғаннан кейін әлі аяқталмай отыр. Енді оның пайдалануға берілу мерзімі жазға шегерілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
Бүгін, 11:47