​Индербордағы карьерге кіру неге ақылы?

04.08.2026

Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

«АЖ» редакциясы кәсіпкердің демалыс аймағының жұмысын қандай негізде ұйымдастырғанын және бұл мәселеге қатысты жергілікті билік өкілдерінің не деп жауап бергенін анықтады.

Индербор кентінен бірнеше шақырым жерде карьер көлі бар. Мұны Тұзды көлмен шатастырмау керек, екеуі жолдың екі жағында орналасқан. Бұдан елу шақты жыл бұрын борат шикізаты өндірілгеннен кейін қазылған орындар жерасты суымен толығып, көлге айналған. Көл шатқалдан едәуір төмен орналасқан. Жыл сайын жаз маусымы басталғалы карьер көлі басына келушілер көбейеді.

Бүгінде карьер басына келіп, көлге шомылуға келгендер арасында екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі кәсіпкерді қолдаса, енді екіншісі ақылы қызметіне наразы. 

- Көл ортақ, жағасына жету үшін жоғарыдан төмен көлікпен жетесің. Жаяу жүру оңай емес, енді көлікпен кіруді ақылы етіп қойған, бұл қаншалықты заңды, - деген сұрақтар "АЖ" поштасына түсіп жатыр. 

Осыған орай жеке кәсіпкер Қуат Жанесеевпен тілдестік. 

- Осы кезге дейін карьер басында тазалық болмады. Биыл кент әкімшілігінен бір жылға сенімгерлік басқаруға алып, душ (500 теңге), әжетхана, қоқыс жәшігін қойып,  Wi-Fi орнаттым. Бұған қаржы бөлінген жоқ, өз күшіммен жасадым. Көлікпен көл басына кіру ақысын 1000 теңге деп белгіледім. Егер көл басына келмей, шатқал басында қалдырса тегін кіре алады. Мен салықпен уақтылы есеп айрысып отырмын, - дейді Қ. Жанесеев. 

Қандай негнізде демалыс аймағы ұйымдастырылғанын анықтау үшін Индер ауданы әкімшілігіне бірнеше сұрақтар жібергенбіз. 

Жауапта "Индербор кенті Қорғантау учаскесіндегі кен орны жағалауында орналасқан 28 гектар аумақта 2026 жылғы маусымдық кезеңде демалыс қызметін ұйымдастыру мақсатында Индербор кенті әкімдігі мен кәсіпкер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасақталған. Меморандумға сәйкес кәсіпкерге аталған аумақтың санитариялық тазалығын қамтамасыз ету, демалысқа қажетті инфрақұрылымды орналастыру, суға түсу кезеңінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды орналастыру, сондай-ақ ҚР экологиялық және санитариялық заңнамасының талаптарын сақтау міндеттері жүктелген. Қазіргі уақытта кәсіпкер тарапынан аталған аумақта маусымдық қызметті ұйымдастыру және аумақты күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр" делінген. 

"АЖ" тілшісі аудандық әкімшілікке "карьер көлі кәсіпкерге сенімді басқаруға берілді ме, жоқ меморандум арқылы ма" деген сұрағына нақты жауап берілмеді. Сәйкесінше карьерге кіруге ақы талап ету қаншалықөты заңды екені туралы мәселе ашық күйінде қалды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 11:03

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью