Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Мастерс жарысын екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемнің 43-ракеткасы, америкалық Хейли Баптисті сынап көрді.
Е.Рыбакина 2023 жылы Индиан-Уэллсте чемпион атанған еді. Ал өткен жылы төртінші айналымда ресейлік Мирра Андрееваға 1:6, 2:6 есебімен жол берген болатын. Кейін М.Андреева үздік шықты.
Биыл Аустралия ашық чемпионатында топ жарған Е.Рыбакина Дубай WTA 1000 үшінші айналымында денсаулығына байланысты матчты жалғастырудан бас тартқан еді. Дегенмен Индиан-Уэллс додасына дайындалғанын, өзін жақсы сезінетінін мәлімдеді.
Рыбакина өткен жылы Монреаль мастерс жарысында қарсыласын 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірген болатын.
Бұл жолы бірінші сетте қазақстандық теннисші бірден брейк жасай алды — 2:0. Бірақ өз елінде ойнап жатқан Баптист таразы басын теңестіре білді — 4:4. Есеп 5:6 болып, Елена доп бергенде, америкалық спортшы үш сетболды пайдалана алмады. Рыбакина тай-брейкте мүмкіндігін жібермеді — 7:6 (7:5).
Екінші партияда Баптист 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры дегеніне жетті — 6:2.
Үшінші, шешуші сетте Рыбакина брейк жасап, 4:1 есебімен алға шықты. Сосын матчты тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:2.
Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Баптист 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 87-орындағы америкалық Тэйлор Таунсендтің қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 88-орындағы Александр Шевченко әлемнің 17-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудқа 1:6, 6:7 (4:7) есебімен есе жіберіп, үшінші айналымнан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Анна Данилинаның келесі айналымға өткенін жазған едік.