Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 10 наурыз – Sputnik. Үкіметте инфляция және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын қадағалауға арналған кеңес өтті.
Азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастырып жатыр: желтоқсандағы 13,5%-дан қаңтарда 12,9%-ға, ақпанда 12,7%-ға дейін төмендеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бұған әсер еткен факторлардың бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің жаңартылуы. Аталған тізім 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді.
Бағаның тұрақтануына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылаудың күшейтілуі де ықпал етіп отыр. Жыл басынан бері Сауда комитеті тиісті талаптарды бұзғаны үшін 800-ден астам әкімшілік іс тіркеді.
"Жалпы ел бойынша инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді — 2025 жылдың қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеді", - деп жазылған хабарламада.
Наурыз айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 0,1%-ды құрады. Әдетте наурыз айында маусымдық баға өсімі байқалады. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігі оны қосымша баға акцияларын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін кеңейту арқылы тежеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар көрші елдерден көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған "жасыл дәліз" механизмі де өз жұмысын жалғастыруда. Кеңесте сүт өнімдерінің қымбаттағаны аталды. Бұл, ең алдымен, негізгі шикізат – шикі сүт құнының өсуімен байланысты. Бұдан бөлек, энергия ресурстары бағасының артуы мен өндірістік шығындардың көбеюі де әсер етіп отыр. Айта кетері, сүт өнімдері азық-түлік инфляциясының құрылымында елеулі үлеске ие — шамамен 6,3%.