Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Халық инфляцияны жалпы экономикалық көрсеткіштермен емес, күнделікті сатып алатын «маркер-тауарлар» арқылы сезінеді. ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаменті осындай қорытындыға келді.
Департаменттің жетекші маманы Арман Ақпановтың айтуынша, халықтың инфляция бойынша болжамы ақша-кредит саясатының тиімділігіне және баға белгілеуге тікелей әсер етеді. Зерттеу барысында инфляция болжамы бойынша сауалнама деректері, сондай-ақ бағалар мен макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша статистика пайдаланылған.
Талдау нәтижесіне сәйкес, тұрғындар пікірін қалыптастыратын тізімге жеміс-жидек пен көкөніс, қант, өсімдік майы, нан-тоқаш өнімдері, жармалар және жұмыртқа енген. Одан бөлек жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер, оқу ақысы және пәтер жалдау құны ерекшеленді. Зерттеу көрсеткендей, ресми статистикаға кірмесе де, үйдің бағасы халықтың «бәрі қымбаттап жатыр» деген түйсігіне қатты әсер етеді.
Зерттеудің тағы бір қызық тұсы – адамдар бағаның өскенін бірден сезіп, дабыл қағады, бірақ баға төмендегенде оны аса байқай бермейді. Сондықтан ресми есептерде инфляция бәсеңдегені хабарланса да, негізгі тауарлардың бағасы түспесе, жұртшылық оған сенбейді.
Еске салайық, 2025 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның баяулауы байқалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтты.