Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
— Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім инфляцияның ағымдағы динамикасын, оның факторлары мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3 пайызға дейін жеделдеді. Инфляцияның ең жоғары деңгейі 2025 жылдың қыркүйек айында қалыптасып, 12,9 пайыз болды. Алайда, қараша айымен салыстырғанда, желтоқсанда баға өсімінің қарқыны бәсеңдей бастады. Бұл үрдіс, ең алдымен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер нарығында байқалды. Оған ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты, тарифтердің әкімшілік тарапынан төмендеуі және инфляцияға қарсы басқа шаралар әсер етті, — деді ҰБ төрағасы.
Оның айтуынша, дезинфляцияның кейбір белгілеріне қарамастан экономикадағы баға қысымы жоғары болып отыр. Азық-түлік инфляциясы қарқын алып, салық реформасынан және қосымша құн салығындағы өзгерістерден халық пен бизнестің инфляциялық күтулері өсті. Ал базалық жылдық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Осы факторлар бірігіп, инфляцияның тұрақты сипаты мен баға процестерінің инерциясын көрсетті.
— Елде экономикалық белсенділік жоғары. Халықтың табысы төмендеп, тұтынушылық кредиттеу азайса да, ішкі сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы соңғы айларда төмендесе де, алдыңғы жылғы көрсеткіштердей жоғары деңгейде қалды, ал төмендеу қарқыны әлсіреп келеді. Қазіргі инфляцияның динамикасы, халықтың өзгерістерді күтуі және ішкі сұраныс қарқыны инфляцияның тұрақтануына қарамастан проинфляциялық факторлардың басым екенін көрсетеді. Проинфляциялық тәуекелдер басқа факторлармен бірге ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі мен салық төлеушілер санының артуын көздейтін ауқымды салық реформасының қалай іске асатынына да байланысты. Алдағы тоқсандарда бизнестің осы өзгерістерге қалай бейімделетінін мұқият бақылау маңызды. Сондай-ақ, бірінші тоқсаннан кейін қайта жанданады деп күтіліп отырған тарифтер мен қайта қаралған бағалар инфляцияға қалай әсер ететінін қадағалау қажет, — деді ол.
ҰБ басшысының пайымынша, мұндай кезде дезинфляциялық траектория тұрақты қалыптасты деп айтуға келмейді.
— Инфляцияны үнемі төмендетіп отыру үшін қалыпты қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Үкіметпен бірге Бірлескен іс-қимыл бағдарламасындағы және Инфляцияны бақылау мен төмендету шараларының кешеніндегі инфляцияға қарсы шараларды жүргізген дұрыс. Ақша-кредит саясатының бағыты өзгермейді: базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартысында жоғары ықтималдықпен қазіргі деңгейінде сақталады. Ол инфляцияны төмендету және оның тұрақты баяулауын орнықтыру үшін қажет, — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.