Инфрақұрылым кезек күттірмейтін мәселе

10.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бүгінде өңірде осы бағыттағы ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Премьер-министр­дің орынбасары Қанат Бозымбаев­тың Атырау облысына жұмыс сапары барысында осы мәселе басты назарда болды. Атырауда инфрақұрылым тақырыбын сөз еткенде, ең алдымен кәріз жүйесі мен ағынды сулар мәселесі ойға келеді. Бұл – тек коммуналдық шаруашылықтың мәселесі емес. Оның экологияға, су ресурстарына және қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей қатысы бар.

Кейінгі жылдары Tazalyq жо­ба­сы аясында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Сол жағалау­дағы «Сасықсай» булану алаңы­ның қалалық бөлігі 2023 жылы рекультивацияланды. Алайда нысанның Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі бөлігінде жұмыс әлі жалғасып жатыр. Жалпы аумағы 1 336,2 гектар болатын төрт сектордың екеуінде рекультивация аяқталған.

Бұл ретте Бозымбаев мәселені тек рекультивациямен шектемеу керектігін атап өтті. Вице-премьер­дің айтуынша, су ресурс­тарына түсетін салмақты азайтып, булану алаңдарын одан әрі кеңей­туге жол бермеу қарастырылуы керек. Шешімдердің бірі ретінде суды қайта пайдаланудың заман­ауи технологияларын, оның ішін­де Жайық өзенінен алынатын суды өндірістік айналымға қайта енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсы­нылды.

– Мәселені кейінге қалдыра бермей, ұзақ мерзімге арналған технологиялық шешім табу қажет. Ағынды суларды тазарту мәселесін түбегейлі шешіп, дұрыс техно­логия­лық сызбаны анықтау және қоршаған ортаның одан әрі лас­тануына жол берілмеуі шарт, – деді Қанат Бозымбаев.

Атыраудағы тағы бір күрделі мә­селе – жылу желілерінің жағ­дайы. Қаланың жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409,2 шақырым­ды құрайды. Оның 62,3 пайызы тозған. Кейбір учаскелерде бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетеді. Мұндай жағдайда жылу шығыны­ның артуы, апаттық жағдайлардың жиілеуі және жөндеу жұмыстарына кететін шығынның көбеюі заңды. Сондықтан «Ұлттық жоба» ая­сын­да ең тозған учаскелерді жаңар­ту қолға алынған. Ұзындығы шама­мен 8 шақырым, тозу деңгейі 95 пайызға жеткен желілер ре­конс­трук­цияланады. Ал 2030 жыл­дың соңына дейін қалада тағы 26,6 шақырым жаңа жылу желісін салу жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде жылу шығынын 75 пайызға дейін азайту және жүйенің жалпы фи­зикалық тозуын 40 пайызға дейін төмендету көзделген.

Қаланың тұрақты дамуы элек­тр энергиясына деген сұранысты да арттыратыны белгілі. «Атырау Жарық» ЖШС 110 кВ әуе желілерінің 114,6 шақырымын, 35 кВ желілердің 50,7 шақырымын және 6/10 кВ желілердің 238 шақырымын жаңартпақ. Сонымен қатар 46 трансформаторлық қосалқы станса жаңартылады. Энергетикалық жүйені цифрлан­дыруға да басымдық берілмек. 10,5 мыңнан астам автоматтан­дырыл­ған есептеу құралы орнатылып, 16 қосалқы стансада SCADA жүйесі енгізіледі. Құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары 2027 жылғы ақпанда басталады деп жоспарланған.

Қанат Бозымбаев жұмыс са­пары аясында Атырау қаласының сумен жабдықтау жүйесінің жағ­дайымен де танысты. Су тазарту құрылыстарының жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болса, нақты қуаты – 90 мың тек­ше метр. Төрт сүзгілеу стансасы­ның үшеуі жұмыс істеп тұр. 1968 жылы салынған №2 станса апатты жағдайда болуына байланысты 2024 жылдан бері пайдаланыл­майды. Ал ең ескі №1 станса 1939 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан апатты нысан­дарды бұзып, тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін заманауи блок салу ұсынылып отыр.

Жұмыс сапары барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мүмкіндіктері де көрсетілді. Жедел ден қоюға ар­налған тоғыз бірлік арнайы тех­ника таныстырылды. Қазір депар­таменттің теңгерімінде 220 бірлік автокөлік техникасы бар. Оның 83-і – негізгі, 43-і – арнайы, 94-і – көмекші техника. Техника­лық жарақтандырылу деңгейі 80 пайызды құрайды.

Атырау сияқты өндірістік өңір үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Мұнай-газ кәсіпорын­дары, ірі энергетикалық және коммуналдық нысандар орналас­қан аймақта төтенше жағдайларға дайындық үнемі жоғары деңгейде болуға тиіс.

Баян Жанұзақова, Атырау облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью