Инфрақұрылымдық дамудың жаңа серпіні

07.11.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Президент құрылыс саласын ұлттық экономиканы жандандыратын, кәсіпкерлікті дамытатын және жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитын стратегиялық бағыт ретінде айқындады. Бұл міндеттер Маңғыстау облысы үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені өңірде кейінгі жылдары құрылыс қарқыны артып, тұрғын үймен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту.

Осы тұрғыдан алғанда, Маң­ғыс­тау облысының құрылыс сала­сын­дағы көрсеткіштері өте жақсы еке­нін айта кетейік. Тіпті бұл сала ай­мақ экономикасының маңызды қоз­ғаушы күшіне айналып отыр. Мәселен, Маңғыстау облысының құ­­­рылыс, сәулет және қала құ­ры­лы­сы басқармасының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бо­йын­­ш­а өңірде құрылыс жұмыс­та­рының көлемі 440,7 млрд теңгені құ­раған. Тұрғын үй санатына жат­пай­тын құрылыстар көлемі – 91,8 млрд теңге (20,8 пайыз өсім), мұ­най және газ магистралды құ­быр­лары­ның құрылысы – 88,9 млрд теңге (20,2 пайыз өсім), өзге де құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарының кө­лемі – 69,3 млрд теңге (15,7 пайыз өсім), инженерлік ғима­рат­тар құрылысы 54,9 млрд теңгені (12,5 пайыз өсім) құраған.

Сонымен қатар сумен жаб­дық­тау және кәріз жүйелеріне арналған құ­бырлар құрылысы 38,8 млрд тең­гені (8,8 пайызға өсті), жолдар мен автомагистральдар құрылысы 34,3 млрд теңгені (7,8 пайызға өсті), өзге де құбырлар құрылысы 28,9 млрд теңгені (6,6 пайызға) құ­рады. Бұл тұста тұрғын үй құ­рылысының кө­ле­мі 9,2 млрд тең­геге жетіп, 2,1 пайыз­ға артқанын айта кетейік.

Бұл көрсеткіштер өңірде құры­лыс жұмыстарының бірнеше бағыт бойынша қатар дамып келе жат­қа­нын аңғартады. Әсіресе инже­нер­лік желілерді, жолдарды, өндірістік жә­не өзге де нысандарды салу жұ­мыстарының ауқымды болуы об­лыстың инфрақұрылымдық әлеуе­тін арттыруға ықпал етпек. 

– Қарқынды жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын тауып жа­тыр. 2026 жылы құрылыс сала­сындағы өсімді төмендетпей, жал­пы кө­лемді 475,9 млрд теңгеге жет­­­­кізу жос­парланған. Биыл алғашқы 9 айда облыста 279,1 млрд теңгенің құры­лыс жұмыстары атқарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 6,4 пайызға арт­қанын көрсетеді. Аталған ке­зең­де өзге де құрылыс-монтаж жұ­­­мыстары – 61,2 млрд теңге (21,9 пайыз өсті), өзге де инженерлік ғи­мараттар құрылысы – 44,3 млрд тең­ге (15,9 пайыз), тұрғын үйге жат­пайтын ғимараттар құрылысы 42,­4 млрд теңгені (15,2 пайыз) құ­ра­ды. Жолдар мен автомагистраль­дар құрылысының көлемі 38,8 млрд теңгеге (13,9 пайых) жетті. Су­­­мен жабдықтау және кәріз жүйе­леріне арналған құбырлар құ­ры­лы­сына 25,9 млрд теңге (9,3 пайыз), мұнай және газ магистралды құ­быр­ларының құрылысына 17,5 млрд теңге (6,3 пайыз) жұмсалды. Өзге де құбырлар құрылысы 12,3 млрд теңгеге жетсе (4,4 пайыз), ба­сым бағыттың бірі саналатын тұр­ғын үй құрылысы 9,1 млрд тең­геге (3,3 пайыз өсті) артты, – деп то­лықтырды Маңғыстау облысы­ның Құрылыс, сәулет және қала құ­рылысы басқармасының баспа­сөз қызметі.

Бірқатар бағыт бойынша құры­лыс жұмыстары көлемінің артуы өңір­дегі инфрақұрылымдық жоба­лар­дың жүзеге асырылып жат­қа­нын және саланың экономикалық белсенділігін сақтап отырғанын көрсетеді.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Құрылыс саласындағы маңыз­ды бағыттардың бірі – халықты қол­­жетімді әрі сапалы тұрғын үй­мен қамтамасыз ету. Бұл Мемлекет бас­шысының «Халықтық құры­лыс» бастамасымен де тікелей үн­­­деседі. 

Маңғыстау облысында 2025 жыл­дың қорытындысы бойынша 858 536 шаршы метр тұрғын үй пай­­далануға берілген екен. Бұл 2024 жылғы 831 979 шаршы метр көр­­сеткіштен біршама жоғары. Был­тыр аймақта 1 541 жаңа тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілді. Оның ішінде 1 490-ы жеке тұрғын үй, 48-і көппәтерлі тұрғын үй бол­са, қалған үшеуі жатақхана.

Қалалар мен аудандарды же­ке­лей ­қарағанда да тұрғын үй құры­лы­сының ауқымы айқын көрінеді. Мы­салы, Ақтау қаласында 65 тұр­ғын ғимарат пайдалануға берілсе, оның 33-і жеке тұрғын үй, 32-сі көп­пәтерлі тұрғын үй. Жаңаөзен қа­ласында 264 тұрғын үй ғима­ра­тының құрылысы аяқталып, пай­да­лануға берілді. Оның ішінде 257-сі жеке, 7-еуі көппәтерлі тұр­ғын үй.

Аудандарда да тұрғын үй құры­лы­сы қарқынды жүргізілді. Атап айт­қанда, Бейнеу ауданында – 193, Қа­рақия ауданында – 96, Маңғыс­тау ауданында  147 жеке тұрғын үй пай­далануға берілді. Мұнайлы ау­данында 648 тұрғын үй ғимара­ты­ның құрылысы аяқталды. Оның 645-і жеке тұрғын үй, үшеуі көп­пә­терлі тұрғын үй. Түпқараған ау­да­нын­да 128 тұрғын ғимарат пай­да­лану­ға берілген. Оның ішінде 119 же­ке тұрғын үй, 6 көппәтерлі тұр­ғын үй және 3 жатақхана бар.

Бұл деректер тұрғын үй құры­лы­­сының тек облыс орталығында  емес, аудан-қалаларда да белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әсіресе Мұнайлы, Жаңаөзен және Бейнеу аудандарындағы көрсет­кіш­тер тұрғындардың жеке тұрғын үй салуға деген сұранысының жо­ғары екенін аңғартады.

Биыл да тұрғын үй құрылы­сы­ның көлемін арттырып, 860 мың шар­шы метрге жеткізу көзделген еке­н. 2026 жылдың тоғыз айының қо­рытындысы бойынша облыста 367,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде жалпы саны 957 жаңа тұрғын үй ғи­мараты салынған. Оның ішінде 941-і – жеке тұрғын үй, 16-сы – көп­пәтерлі тұрғын үй. Көптеген құ­ры­лыс жыл соңына жақын аяқ­та­лып, пайдалануға берілетінін е­скерсек, көрсеткіш өткен жылғы­дан асып түсері анық.

Биыл қалалар мен аудандар бойын­ша жіктесек, Ақтау қала­сын­­да – 22 тұрғын үй (16 жеке жә­­не 6 көппәтерлі), Жаңаөзен қа­­л­асында 225 тұрғын үй (215 жеке және 10 көппәтерлі) пайдалануға бе­­рілді. Бейнеу ауданында – 137, Қа­рақия ауданында – 48, Маңғыс­тау ауданында – 50, Мұнайлы ау­данында – 365, Түпқараған ау­да­нын­­да 110 жеке тұрғын үйдің құ­ры­­лысы аяқталды.

Әсіресе Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласындағы көрсет­кіш­тер тұрғын үй құрылысының өңір­­лік ауқымда дамып келе жат­қанын айғақтап отыр. Ал тұрғын үй­лердің пайдалануға берілуі – жүз­деген отбасының баспаналы бо­лып, тұрмыс жағдайының жақ­саруына мүмкіндік беретін маңыз­ды әлеуметтік нәтиже.

Басты мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2026 жылғы Жолдауын­да­ғы «Халықтық құрылыс» баста­ма­сы құрылыс саласына тың сер­пін беріп қана қоймай, өңірлердің ұзақмерзімді даму мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Мемлекет бас­шысы инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қор­дан шамамен 6,5 трлн теңге ба­ғыт­тау көзделіп отырғанын атап өтті. Оның ішінде 2026 жылы және 2027 жыл­дың алғашқы екі айында әлеу­меттік жобаларды бастауға 1,5 трлн теңге қарастыру жоспарланған. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мә­дениет нысандарын салу, көлік және коммуналдық инфра­құры­лым­ды жаңғырту, халықтың таза ауыз­су мен газға қолжетімділігін жақ­сарту көзделген.

Бұл бағыттар Маңғыстау облы­сы үшін де өте өзекті. Өңірде халық саны артып жатыр, жаңа тұрғын үй алаптары қалыптасып, елді мекен­дер кеңейді. Сондықтан әлеуметтік нысандарға, сапалы жолдарға, ауызсу мен инженерлік желілерге деген қажеттілік артты. Сонымен қатар құрылыс саласының дамуы жергілікті кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, жобалау, мердігерлік және сервистік қызметтерге сұра­ныстың артуы шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Жаңа жобалар арқылы қосымша жұ­мыс орындары ашылып, жер­гі­лікті мамандардың кәсіби тәжіри­бе­сін арттыруға жағдай жасалады.

Президент атап өткендей, ірі инф­рақұрылымдық жобаларды жү­зеге асыруда отандық кәсіп­орын­дардың әлеуетін барынша пай­далану маңызды. Бұл қаражат­тың ел ішінде айналымда болуына, өндірістің дамуына және өңірлік эко­номиканың нығаюына мүмкін­дік береді.

Маңғыстау облысының құры­лыс саласындағы көрсеткіштері өңірде тұрғын үй және инфра­құры­лымдық құрылыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы 440,7 млрд теңгенің құры­лыс жұмыстары орындалып, 858,5 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айын­­да құрылыс жұмыстарының нақ­­ты көлем индексі 106,4 пайыз­ға, тұрғын үй құрылысының ин­дек­­сі 112 пайызға жетті. Алдағы ке­­зеңдегі негізгі міндет – осы оң ди­намиканы сақтап, құрылыс са­па­сына, нысандардың уақытылы пай­далануға берілуіне және инф­рақұрылымның қолжетім­ділі­гіне басымдық беру.

Өйткені құрылыс саласының нә­тижесі тек пайдалануға берілген ны­­сандардың санымен немесе иге­ріл­ген қаражат көлемімен өл­шен­бей­­ді. Оның басты көрсеткіші – тұр­­­­­ғындардың жаңа баспанаға қол жеткізуі, елді мекендердің көркеюі, са­палы жолмен жүруі, таза ауызсу­мен қамтылуы және заманауи әлеу­меттік нысандарды пайдалану мүм­­кіндігі.

Мемлекет басшысының «Ха­лық­тық құрылыс» бастамасы да осы мақсаттарды көздейді. Ал Маң­ғыстауда қалыптасқан құры­лыс әлеуеті мен қол жеткізілген оң көр­сеткіштер өңірдің бұл ауқымды жалпыұлттық іске өз үлесін қосуға мүм­кіндігі мол екенін аңғартады. Бү­гінгі құрылыс – ертеңгі өркен­деу­дің негізі. Ең бастысы, салынып жат­қан әрбір тұрғын үй, әрбір жол мен инженерлік желі Маңғыстау хал­қының игілігіне қызмет етіп, өңір­дің жарқын болашағына берік не­гіз қалауға тиіс.

Мадияр ТӨЛЕУ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью