Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында Сырдария өзеніне батып кеткен екі жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
Қайғылы оқиға Үшқайық ауылына жақын жерде болған. 22 тамызда 1998 және 2002 жылы туған ағайынды екеу тыйым салынған жерде шомылған. Кішісі суға батып жатқанда ағасы оны құтқаруға әрекет жасаған. Бірақ екеуі де батып кетті.
Марқұмдардың денесін іздеуге 90-ға жуық адам, арнайы техника, жүзу құралы және дрон жұмылдырылды.
"24 тамызда шомылған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықта 2002 жылы туған азаматтың денесі табылып, судан шығарылды. Ал 25 тамызда іздестіру жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым қашықтықта 1998 жылы туған екінші азаматтың денесі су бетінен табылды", - дейді құтқарушылар.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылмауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.