Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
48 жастағы, денесінің сол жақ бөлігі сал болып қалған ер адам нейроинтерфейс, жұлынды стимуляциялау жүйесі және роботтандырылған экзоскелеттен тұратын кешенді пайдаланды. Ол тек қозғалысқа зейін қойса жеткілікті болды – жүйе ми сигналын оқып, қадам жасау процесін іске қосты.
Бұл – өңірде ой арқылы берілген команданың тікелей физикалық әрекетке айналдырылған толық интеграцияланған технологиясының алғашқы қолданылу жағдайы. Жоба Қытайда нейроинженерлік шешімдердің зертханадан клиникалық тәжірибеге жедел енгізіліп жатқанын көрсетеді.
Инсульттен кейін пациент ауыр гемиплегия мен спастикалық сал ауруына шалдыққан. Бір жылға жуық жүргізілген дәстүрлі оңалту айтарлықтай нәтиже бермеген. Жаңа тәсіл пациентті емдеу процесінің белсенді қатысушысына айналдырды: ми сигналдары бұлшықет түйілуін азайтатын стимуляцияны іске қосады, ал экзоскелет қозғалысты орындауға көмектесіп, кері байланыс қалыптастырады.
Нейрохирург Фэн Дациннің айтуынша, жүйе ниет пен қозғалыстың арасындағы «цифрлық көпір» іспетті жұмыс істейді. Жаттығу басталғаннан кейін екі апта өткен соң пациент тізесін өз еркімен бүге бастады және қолын көтере алған.
Технология инвазивті емес интерфейске негізделген, яғни импланттардың орнына сыртқы электродтар қолданылады. Бұл хирургиялық әдістермен салыстырғанда дәлдігін сәл төмендеткенімен, тәсілді қауіпсіз әрі клиникалық қолдануға қолжетімді етеді.
Нейроинтерфейстерді дамыту Қытай медицинасының басым бағыттарының біріне айналды. 2025 жылы елде арнайы орталықтар ашылып, клиникалық сынақтар басталды, ал реттеуші органдар мұндай технологияларды медициналық қызметтердің жеке санатына енгізді. Алғашқы коммерциялық мақұлданған инвазивті нейроинтерфейс Цинхуа университетінің қатысуымен әзірленген.
Бұл бағытқа қызығушылық мәселенің ауқымымен де байланысты: Қытайда инсульт алған ондаған миллион пациент бар. Шетелдегі кейбір жобалар импланттарға басымдық берсе, Қытай клиникалары операциясыз әдістерге көбірек мән беріп отыр.
Мамандар бұл технологияны Паркинсон ауруын қоса алғанда, басқа да неврологиялық сырқаттарды емдеуде қолдануды, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі халықаралық медициналық бағдарламаларға енгізуді жоспарлап отыр.
Әзірге пациент мүгедектер арбасымен қозғалады, бірақ күнделікті жаттығуларын жалғастырып келеді. Өз күшінің көмегімен жасалған әрбір жаңа қадам ол үшін жоғалған функцияларды біртіндеп қалпына келтіруге болатынының дәлелі болып отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда инсульттан болатын өлім-жітім көрсеткіші 25%-ға азайды.