24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Әлем елдері балалардың әлеуметтік желіні пайдалану жасын біртіндеп шектеп жатыр. Мұндай заң Австралияда күшіне енді. Францияда аталған тыйым Сенат қарауында. Дания да жас ұрпақтың интернеттен аластатуға қамдану үстінде.
Австралияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салу туралы заң күшіне енгелі 5 миллион жасөспірімнің аккаунты бұғатталып, жабылды. Бұл eSafety ұлттық ғаламтор-реттеушінің дерегі. Жаңа заң әлеуметтік желілерге кәмелетке толмағандар үшін қолжетімділікті шектеуге міндеттейді. Талаптарды орындамаған платформаларға 50 млн долларға дейін айыппұл салынады.
Франция балалардың интернет-платформаларға қолжетімділігін шектейтін әлемде Австралиядан кейінгі екінші мемлекет болғалы тұр. Елде 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын, заң жобасы төменгі палата, Ұлттық ассамблея тарапынан қолдау тапты. Бұл елде бүгінде әр екінші жасөспірім күніне смартфонға 2-5 сағат жұмсап, көбіне әлеуметтік желілерде отырады. Ұсынылған заң жобасын Сенат та мақұлдаса, биыл 1 қыркүйектен бастап Францияда 15 жасқа толмаған жасөспірімдер онлайн-энциклопедиялар мен білім беру ресурстарынан басқа барлық әлеуметтік желілерге тіркеле алмайды. Осылайша, Франция әлеуметтік желілерді 15 жасқа дейінгі балаларға ресми түрде тыйым салған Еуропадағы алғашқы мемлекет болуы мүмкін.
Дания да балалардың интернетті қолдану мүмкіндігін шектеуге тырысып жатыр. Елдегі саяси партиялар арнаулы келісім-шарт жасады. Құжатта жеткіншектердің әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қою талабы көрсетілген. Жергілікті сарапшылар көп уақыт ғаламторда отырған балалардың ұйқысы бұзылып, оқуға ынтасы төмендегенін айтады. Бұдан да қауіптісі – олар онлайн буллингке ұшырауы мүмкін. Билік аталған жобаны әзірлеуге 21 миллион еуро бөлді.
Авторы: Ернат Рахметолла