Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Кездесуге сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова, Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова, мемлекеттік органдардың бейінді департаменттерінің өкілдері қатысты. Диалогты мұндай форматта өткізуге қоғамдық ұйымдардың көптеген өтініштері негіз болды.
— Талқылау барысында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына қандай аурулар мен бұзылыстар кезінде мүгедектігі бар жандар инватакси қызметін алуға шынымен мұқтаж болатыны жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірмелер берілді, соның ішінде арбамен (кресло-арбамен) қозғалған жағдайда арнайы бейімделген көлікпен тасымалдау мәселесі де қамтылды, — делінген хабарламада.
Кездесуге қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп дайындалған медициналық көрсетілімдердің жаңартылған тізбесін талқылады. Инватакси қызметін пайдалану құқығын беру туралы шешімдерді медициналық қорытындылар негізінде дәрігерлік-консультациялық комиссиялар қабылдайды.
Талқылау барысында осы қызметті қаржыландыру тетіктеріне жеке назар аударылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев инватакси қызметін пайдалану құқығын беретін нозологиялар тізбесін жаңарту оны алушылар шеңберін кеңейтуді көздейтінін хабарлады. Бұл ретте қызметті жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде ұсынады.
— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларын негізгі әзірлеуші ретінде Көлік министрлігіне бұйрық жобасына енгізу үшін ұсыныстарды жібергені атап өтілді. Алдағы уақытта құжат мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен келісу рәсімінен өтеді, — деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, былтыр мүгедектігі бар жандар инватакси қызметіне 490 мыңға жуық тапсырыс берді.