Инвесторларға игілік мол

23.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Сыртқы істер министрінің орын­­басары Әлібек Қуантыров қатысқан инвестициялық штабтың ке­зекті отырысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтың ин­вестициялық әлеуетін кеңінен баян етті.

Ербол Шырақпайұлы Мемлекет бас­шысының инвестиция тарту, эко­номиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында облыста жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын баса айтты. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, ин­вестициялық ахуалды жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инженерлік инфрақұры­лым­ды дамыту және жобаларды сүйе­мел­деу бағытында нақты шаралар қа­былдануда.

Бүгінде Жамбыл облысы ин­вес­тиция тарту қарқыны бойынша елі­міздегі көшбасшы өңірлердің бі­ріне айналды. 2026 жылдың бі­рін­ші жартыжылдығында аймаққа 505,9 млрд теңге инвестиция тар­ты­лып, бұл былтырғы жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 59,2 пайызға артқан.

Қазір облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын, шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көз­дей­тін 116 жоба бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік ин­вес­тициялар өсімінің қарқыны жөні­нен республикада бірінші орынға шықса, жоспарланған 86 млн  доллардың орнына 289,7 млн  доллар көлемінде инвести­ция тартылып, жоспар 3,4 есеге артық орындалған.

Сонымен қатар былтыр өңір та­рихында алғаш рет өнеркәсіп өні­мінің көлемі 1 трлн теңгеден асып, облыс республиканың сер­пін­ді индустриялық өңірлерінің бі­рі­не айналды. Ал биылғы қаңтар-ма­мыр айларының қорытындысы бойынша еліміздің өңдеу өнер­кә­сібіне салынған әрбір төртінші тең­ге облыстың үлесіне тиесілі бол­ды. 

Өз кезегінде Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Әлібек Қуантыров та Жамбыл облысының инвестициялық әлеуеті жоғары еке­ніне баса назар аударды.

– Жамбыл облысы минералдық-шикізат қоры мол, еліміздің химия өне­ркәсібінің негізгі орталық­тары­ның бірі саналады. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенде елеулі ар­тықшылықтарға ие өңір өңдеу өнеркәсібін, жаңартылатын энер­ге­тиканы және көлік-логистикалық әлеуетті белсенді дамытып келеді.

Облыстың инвестициялық сая­саты минералдық және ауыл шар­уа­шылығы шикізатын терең өң­деу­ді дамытуға, химия кластерін кеңей­­туге, металлургияны, зама­науи агроөнеркәсіптік өндірістерді, энергетиканы және экспортқа ба­ғытталған өндірістерді дамытуға бағытталуға тиіс. 

 Инвесторларға тек шикізат кө­зін ғана емес, инженерлік инфра­құры­лымы дайын, бизнесті жүр­гізу­дің ашық шарттары қалып­тас­қан әрі жобаларды кешенді сүйе­мел­деу қамтамасыз етілген инвес­ти­циялық алаңдарды ұсынудың маңы­зы зор.

Ортақ міндетіміз – инвесторлар үшін түсінікті, ашық әрі қолайлы биз­нес ортасын қалыптастыру. Жо­балардың уақытылы жүзеге асуы, жаңа өндірістердің іске қосылуы және Қазақстанның инвес­ти­ция­лық тартымдылығының артуы мем­­лекеттік органдар мен бизнес ара­сындағы тиімді ынты­мақ­тас­тық­қа тікелей байланысты. Үкі­меттің, облыс әкімдігінің, дипло­матиялық қызметтің және кәсіп­кер­лердің бірлескен жұмысының нә­тижесінде Жамбыл облысы ин­вестициялық өсімнің жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі орнын нығайтады деп сенемін, – деді Әлібек Қуантыров.

Штаб отырысында үш ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы, туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары қаралды. 

Инвесторлар жобалар бойынша бейнебайланыс арқылы баяндама жасады.

Атап айтқанда, For You Energy ЖШС электр энергиясын өндіре отырып, қатты тұрмыстық қал­дық­тарды өңдейтін кешен салуды жос­парлап отыр. Құны 72 млрд теңге болатын жоба тәулігіне 900 тонна қоқыс өңдеп, 15 МВт электр энер­гиясын өндіреді. Жоба ая­сында 200 жаңа жұмыс орны ашылады. 

Ал Great Sky ЖШС жоғары энер­гетикалық материалдар өн­діре­тін өнеркәсіптік кешен салуды көз­дейді. Құны 470 млрд теңгені құ­райтын жобаның өндірістік қуат­тылығы жылына 2 400 тонна оқ-дәрі мен 2 700 тонна тротил өндіру­ге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 1 500 адам жұмыспен қамтылады.

 Сондай-ақ Harvest Group SA ЖШС жайылымдық және тыңай­ған жерлерді суармалы ауыл шаруа­шылығы алқаптарына айналдыру ба­ғытындағы агроиндустриялық клас­терді жүзеге асырады. Құны 94 млрд теңге болатын жоба 41 мың гек­тар аумақты қамтып, мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруды көз­дейді.

Міне, осылайша Жамбыл облы­сы инвестиция көлемі бойынша аймақтардың алпауытына айналып отыр. Бұл – әрине, қос қолдап қол­дайтын дүние. Өйткені әрбір ин­вестиция – еліміздің, тұр­ғын­дар­дың баянды болашағының дің­гегі. 

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью