Инженерлік білім ел болашағының берік негізі

04.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Ел тарихында инженер мамандығы кәсіби дәрежесінен әлдеқайда жоғары болды. Жас республикамыздың алғашқы қалыптасу жылдарында еліміздің дамуына тікелей ықпал ететін жауапты істер инженерлерге жүктелді. Олардың алдында жас мемлекетті индустриялық жолға түсіру, жер қойнауын игеру, инфрақұрылымды дамыту, технологиялық алшақтықты қысқарту міндеті тұрды. Бүгінде технология мен біліктілік үшін жаһандық бәсеке күшейген шақта инженер ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізгі тірегіне айналды.

Технологиялық дербестіктің өзегі

Алдағы 15 наурызда өтетін республи­ка­лық референдумға шығарылып отырған жаңа Конституция жобасында ғылым мен білімді, адам капиталы мен инновацияларды дамыту басым бағыт ретінде алғаш рет нақты айқындалып отыр. Ғылым мен ғылыми-технологиялық даму мемлекеттің негізгі құндылықтарының қатарына енгізілуі инженерлерге болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – қолданбалы зерттеулерге жол ашу, жаңа технологияларды өндіріске енгізу және алдыңғы шепте жұмыс істей алатын кәсіби мамандар даярлау деген сөз.

Осылайша, ғылым мен инженерлік білім ел болашағының берік негізі ретінде қарастырылып отыр.

XXI ғасырда инженер елдің техно­логиялық дербестігін айқындайтын бас­ты тұлғаға айналды. Энергетика, көлік, өнеркәсіп, байланыс, су және экологиялық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым – осының бәрі инженерлік шешімдерге сүйенеді. Инженерлік әлеует әлсіресе, сыртқы технологияға тәуелділік күшейеді, бұл мемлекеттің экономикалық тұрақты­лығына қауіп төндіреді.

Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Креатив пен инновация басты қозғаушы күшке айналатын білім экономикасын қалыптастыруға шұғыл кірісу қажет. Зияткерлік капитал – елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі болуға тиіс», деген міндет қойды.

Осы тұрғыдан алғанда, инженерлер ел қауіпсіздігіне, тұрақты дамуына және бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ете­тін стратегиялық ресурсқа айналып отыр.

Инженерлердің жаңа буынын даяр­лауда Қазақстан Ұлттық инженерлік ака­демиясының (ҰИА) алатын орны ерекше. Академияның негізін аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбеков қалады.

Біртуар тұлға еңбек жолын еліміздің техникалық білім саласындағы қара шаңы­рағы саналатын Қазақ политехникалық институтынан бастауы – оның тағдырлы таңдауы еді. Сол кездегі Отанымыздағы іргелі білім ордасы, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, жас маманның кәсіби қалыптасу мектебіне айналды. Ғылым мен өндірісті ұштастыра білген, инженер­лік ойдың темірқазығына айналған осы қасиетті шаңырақта Өмірбек Жолдасбе­ков доцент қызметіне қабылданып, бар қа­жыр-қайратын шәкірт тәрбиелеуге, ғылыми ізденіске арнады. Политехникалық университет қабырғасында жүріп, тек дәріс оқумен шектелмей, ғылыми жобаларға белсене араласып, жас мамандардың білімі мен білігін шыңдауға үлес қосты. Оның әрбір сабағы терең мазмұнға, өмірлік тәжірибеге, ұлт болашағына деген жанашырлыққа толы болды.

Уақыт өте келе, білімі мен ұйымдас­тырушылық қабілетінің арқасында Өмірбек Жолдасбеков Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетіне қыз­метке шақырылды. Бұл оқу орны – ел ғылымының алтын бесігі, ұлттық кадр­лар даярлаудың көшбасшысы. Осында ол өзін білікті ұстаз, парасатты ғалым ретінде таныта білді. Университеттің ғы­лыми әлеуетін арттыруға, білім сапасын жетілдіруге, жаңа бағыттардың дамуына айрықша үлес қосты.

Өмірбек Жолдасбековтің бастамалары мен тың идеялары университеттің өркендеуіне, халықаралық деңгейде танылуына ықпал етті. Шәкірттері республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де табысты еңбек етіп, ұстазының есімін абыроймен атап жүр. Осылайша, еңбек жолын политехникалық университеттен бастап, кейін ҚазҰУ-дың гүлденуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Өмірбек Жолдасбековтің ғұмыры білім мен ғылымға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар берер өнегелі тағылым.

Сондай-ақ Ө.Жолдасбековтің есімі бірегей ғалым және инженер ретінде Азия мен Еуропада кең танылды. Оның әлемдегі инженерлік қозғалыстың аса көрнекті ұйымдастырушысы ретіндегі бастамалары дүниежүзінің бірқатар елінде — АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Пәкістан, Мысыр және басқа да мемлекеттерде кең қолдау тапқан еді.

Бүгінде Ұлттық инженерлік академия­сы еліміздегі жетекші ғалымдар мен тә­жірибелі мамандарды біріктіріп, ұлттық деңгейдегі күрделі міндеттерді шешуге қабілетті кәсіби орта қалыптастырып келеді. Академия стратегиялық мәселе­лерді талқылап қана қоймай, экология, гео­ақ­параттық жүйелер, жаңа материал­дар, өнеркәсіптік технологиялар бағы­тындағы нақты ғылыми жобаларға қаты­сады. Шын мәнінде, академия жүйелі функ­цияларды атқара отырып, мемле­кет пен бизнеске есепке, модельдеуге және ғылыми болжамға негізделген шешім­дерді қабылдауға көмектеседі. Ғылым мен өндірістің осындай өзара байланысы және оның нәтижесіне деген үлкен жауапкершілік елді жаңғыртудың нақты тетігіне айналып отыр. 

Инженерлік мектеп пен инженерлік академия

Еліміздегі инженерлік мектептің негі­зін қалаған академиктердің еңбегі орасан зор, ал олардың есімі әлемдік ғылым мен ұлтымыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Айталық, Қаныш Сәтбаев жер қойна­уын игеруге жүйелі көзқарас қалып­тас­тырып, іргелі ғылыми зерттеулерді ел өнер­кәсібін дамытумен ұштастыра білді. Әбі­кен Бектұров химия ғылымы мен ин­­женериясы саласы бойынша мықты мек­теп қалыптастырды, оның ғылыми әзір­лемелері жаңа материалдар мен техно­логияларда практикалық қолданыс тап­­ты. Шапық Шөкин металлургия ғы­лы­мының дамуына және еліміздің тау-кен ме­таллургия саласына қажетті инже­нер кадрларды даярлауға зор үлес қос­ты. Сонымен бірге Георгий Медоев, Ақжан Машани, Өмірхан Байқоңыров се­кілді ірі ғалымдар отандық геология және тау-кен ғылымын өркендетуге және гео­ло­гиялық барлау жүйесін нығайтып, ши­кі­зат секторына қажетті мамандар даяр­лауға зор еңбек сіңірді. Ал Өмірбек Жол­дасбеков қолданбалы механика мен ма­шина те­тік­тері теориясын дамытты. Ол құр­ған
ғы­лыми мектеп болашақта машина жасаудың, автоматтық жүйелер мен заманауи инженерлік бағыттың негізін қалады. Инженерлік ғылым – қатаң ой есе­біне, жү­йелілікке және нәтижеге деген жа­уап­кершілікке негізделетінін көрсетіп берді.

Инженер – қысқа мерзімдік нәтижеге емес, еліміздің ұзақмерзімді дамуына, әрі ел мүддесіне қызмет ететін, мемлекеттік маңызы бар тұлға деген ортақ түсінік пен ұстаным бұл ғалымдарды біріктірді. Олар еліміз өнеркәсібінің қалыптасуын біліммен және жоғары білікті кадрлармен ондаған жыл бойы қамтамасыз ететін ғылыми мектептердің негізін қалады.

1991 жылы, тәуелсіз еліміздің қалып­тасу кезеңінің күрделі шағында инженер­лік академия құрылып, кейін ол Ұлттық инженерлік академия мәртебесіне ие болды. Бұл ғылыми-техникалық әлеуетті сақтай отырып, ғылым мен өндіріс ара­сындағы байланысты қамтамасыз ететін же­текші ғылыми-әдістемелік және инже­нерлік істі үйлестіруші орталыққа айналды.

Академияның басында көрнекті ғалымдар мен инженерлер шоғыры тұр­ды. Алғашқы кезден бастап академия ғылым мен білімнің және экономиканың нақты секторы арасындағы көпір ретінде құрылды. Бұл ұстаным бүгінде Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттермен толық үндесіп отыр: ғылыми зерттеулер тек академиялық мүдделерге ғана емес, сонымен қатар елдің стратегиялық даму мақсаттарына да қызмет етуге тиіс.

Бүгінде Ұлттық инженерлік академия еліміздің ғылыми-технологиялық саясатын жүзеге асыра отырып, мемлекет пен бизнеске өндірісті технологиялық жаңартуға көмектесуге, ғылым мен өндіріс арасына «көпір» салып, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге үлес қосып келеді.

Ұлттық инженерлік академия 35 жыл ішінде іргелі зерттеулерден бастап, қолданбалы инженерлік шешімдерге дейін шамамен 3,5 мың ғылыми жобаны жүзеге асырды. Олардың елеулі бөлігі өндірісте қолданыс тауып, ел экономикасына қызмет етіп отыр.

«Академия – ғылым – өндіріс» байланысында ұлттық техникалық зерттеу университеттерінің атқаратын рөлі ерекше. Олардың міндеті – дайын шешімді қолданып қана қоймай, жаңа технология жасай алатын зерттеуші-инженер мамандарын қалыптастыру.

Cәтбаев университеті мен Ұлттық инженерлік академия арасындағы серік­тестік – жылдар бойы қалыптасқан жү­йелі ынтымақтастық байланыс. Бұл бай­ланыс ғылымды, білімді және өнді­рісті бір мақсатқа жұмылдырады. Ака­демия техникалық университеттер үшін ғылыми-әдістемелік орталық әрі ин­женерлік дамудың стратегиялық бағыт­тары айқындалатын алаңға айналды. Ака­демияның қолдауымен Cәтбаев уни­верситеті білім беру бағдарламаларын жаңар­тып, дуалды оқытуды дамытуда, әрі қол­данбалы зерттеулерді кеңейтуде. Мұндай ықпалдастық студенттердің өнді­рістегі нақты үдерістерге еркін араласуына, сөйтіп білім беру шеңберін кеңейтуге жол ашады.

Біздің бірлескен ортақ жұмысымыз инженер кадрларын даярлау жүйесін тиімді жетілдіруге, заманауи үрдістерді дер кезінде меңгеруге және ғылыми мектептерде ұрпақ сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді. 

Қазіргі кезең мен ғылыми мектептердің сабақтастығы

Инженерлік ғылымның басты ерек­шелігі – ғылыми мектептердің сабақтас­тығы. Дәл осындай ғылыми мектептер инженерлік ойлау мәдениетін, нәти­жеге деген жауапкершілікті және өнді­ріс тәжірибесіне деген құрметті қалып­тастырады.

Ұлттық инженерлік академия осы дәс­түрді жаңа кезеңде жалғастырып, зерт­теулердің қолданбалы сипатын кү­шей­тіп келеді. Сондай-ақ халықаралық ынты­мақтастықты кеңейтіп, энергетика, экология, машина жасау және цифрлық технологиялар бағыттарына басымдық береді.

Академиктердің жинақталған тәжі­рибесі мемлекет пен бизнес және ғы­лыми қауымдастық арасындағы өзара ықпал­дастық пен қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда ҰИА пре­зиденті Бақытжан Жұмағұловтың инже­нерлер жеке жауапкершілік пен аза­маттық ұстаным арқылы жұмысшы мамандығының беделін арттырып, оларды ұлттық мақтаныш пен эко­но­мика­лық өркендеудің тірегіне айналдыруға тиіс ­деген сөздері өте маңызды екенін айта кету керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университеттерді ғылыммен және өндіріспен тығыз байланыстырудың, инженерлік білім беру бағдарламала­рын жаңартудың және зерттеу мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осындай университет­тер мемлекеттік ғылыми-технология­лық ­саясатты іске асыратын негізгі тірекке ­айналады.

Бүгінгі инженер – мемлекеттік дең­гейдегі тұлға. Оның шешімдері еліміздің технологиялық дербестігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын айқындайды. Инже­нерлік ғылыми мектептерді сақтау мен дамыту, Ұлттық инженерлік академияны, университеттерді және өндіріспен байланысты қолдау – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Ғылым мен инженерді қолдау – қуатты, тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды таңдаумен тең.

Мейрам БЕГЕНТАЕВ,

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры 

Соңғы жаңалықтар

Рудныйда екі жасар бүлдіршінді көлік қағып кетті

Оқиға • Бүгін, 09:03

«E-қызмет»: халықаралық жоғары баға

Саясат • Бүгін, 09:00

Жалпыұлттық коалиция – Абай өңірінде

Референдум • Бүгін, 08:58

Азаматтардың сенімін арттыратын ұсыным

Саясат • Бүгін, 08:55

Жастар – өзгерістің тың күші

Жастар • Бүгін, 08:53

Келісім мен тұрақтылық темірқазығы

Қоғам • Бүгін, 08:50

Табыс неге азайды?

Экономика • Бүгін, 08:48

Қарызсыз қоғам: қаржы сауаты қай деңгейде?

Қоғам • Бүгін, 08:45

Риелторлар нарығына реформа керек

Қоғам • Бүгін, 08:43

Іскер болмай, ілгерілеу жоқ

Экономика • Бүгін, 08:40

Қазақстан – сақтандыру шешімдерінің көшбасшысы: Сала нарығы 1,7 трлн теңгені құрады, алайда климаттық қатер шығыны әлі де мемлекеттік бюджетке жүктеліп отыр

Қоғам • Бүгін, 08:38

ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізу жеделдейді

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:35

Көпдеңгейлі тілдік модель

Digital • Бүгін, 08:33

Инженерлік білім – ел болашағының берік негізі

Білім • Бүгін, 08:30

Игілігі мол интеллектуалды жобалар

Digital • Бүгін, 08:28

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью