Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Financial Times материалы негізінде Aikyn.kz смартфон, планшет және ноутбук өндірушілерге салықтық жеңілдіктер неліктен берілетінін талдайды.
Бұл бастама, ең алдымен, Apple сияқты технологиялық алпауыттардың елдегі өндірістік жобаларын кеңейтуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Үкімет шетелдік компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер 2041 жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр. Бұндай өндірушілердің қатарында Тайваньның Foxconn компаниясы мен Үндістанның Tata Electronics корпорациясы бар. Қазір олар Apple смартфондарын Үндістан аумағында шығарады.
Үндістанның қаржы министрі Нирмала Ситараман салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер бизнес жүргізуді жеңілдетіп, инвесторларға ұзақмерзімді салықтық тұрақтылық беретінін мәлімдеді. Бұған дейін жеңілдік мерзімі 2031 жылға дейін белгіленген еді. Бірақ сала өкілдері ірі өндірістік инвестициялардың өзін-өзі ақтау мерзімі ұзақ болатынын айтып, бұл кезеңнің жеткіліксіз екенін мәлімдеген.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, шетелдік компания үнді зауытына өзінің тапсырысы бойынша электроника шығару үшін құрал-жабдық берген жағдайда, сол жабдыққа байланысты табыс салығынан босатылады. Үкіметтің пікірінше, ұзақмерзімді жеңілдік инвесторларға миллиардтаған долларлық жобаларды сенімді жоспарлауға жол ашады.
Жаңа тәртіп смартфон, планшет, ноутбук, сервер және киілетін электронды құрылғыларды өндірушілерге қатысты болмақ. Үкімет бұл шаралар Үндістанның электроника өндірісіндегі орнын нығайтып, жергілікті жеткізу тізбектерін күшейтеді деп болжауда.
Apple қазірдің өзінде Қытайдан тыс өндірісін белсенді кеңейтіп жатыр. Counterpoint Research болжамынша, 2026 жылы Үндістанда компанияның әлемдік iPhone жеткізілімдерінің 26%-ы өндірілетін болады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 22%, ал 2022 жылы небәрі 6% болған.
Counterpoint сарапшысы Нил Шахтың айтуынша, бұл өсім Apple-дың «Қытай+1» стратегиясының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Яғни, компания Қытайдағы өндірісті толық тоқтатпай, тәуекелді азайту үшін екінші ірі база қалыптастыруда.
Әйтсе де, инвесторлар Үндістандағы бюрократиялық кедергілерге, еңбек заңнамасының күрделілігіне және салық талаптарының біркелкі қолданылмауына әлі де шағымдануда. Экономист Анупам Манурдың пікірінше, жеңілдікті 2041 жылға дейін ұзарту Үндістанның өз қолымен жасаған кемшіліктерін жойып, елді инвесторлар үшін тартымдырақ етеді. Осылайша, Нью-Дели тек Apple-ды тартуды емес, Үндістанды смартфондар мен электроника өндірісінің жаңа жаһандық орталығына айналдыруды көздеп отыр.