Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетуі елдегі ипотеканың іс жүзінде арзандауына әкелмейді. Нарықтық ипотекалық несиелер тек 2028 жылға қарай қолжетімді бола бастайды. Ал әзірге азаматтарға ақшасын депозитте сақтаған тиімдірек, деп хабарлайды nur.kz.
Жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бір қарағанда, бұл несие құнын арзандатуы тиіс еді. Алайда құрылыс және реновация саласының сарапшысы Диляра Сейтнурованың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығы үшін бұл қадам әзірге тек символдық сипатқа ие.
Оның сөзінше, базалық мөлшерлеме төмендегеніне қарамастан, құрылыс салушылар үшін жобаларды қаржыландыру құны жылдық шамамен 20 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын жоғары деңгейде ұстап тұр.
«Жобалардың экономикасы базалық мөлшерлеме 13–14 пайыздан төмендегенде ғана өзгере бастайды. Бұл — 2028 жылға қарай мүмкін болатын жағдай. Қарапайым сатып алушы үшін де өзгеріс символдық сипатта: егер банк мөлшерлеменің төмендеуін несие құнына толық енгізсе, 20 миллион теңгелік нарықтық ипотека бойынша (20 жыл мерзімге) ай сайынғы төлем бар болғаны 8 мың теңгеге азаяды. Бұл тұрғын үйдің қолжетімді болуына әсер етпейді», — дейді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы оң факторлардың қатарында инфляцияның 9,3 пайызға дейін баяулауын және халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуін атап өтті. Дегенмен жыл соңына қарай коммуналдық тарифтерге қойылған мораторийдің аяқталуына байланысты бағаның өсуі уақытша жеделдеуі мүмкін екенін Ұлттық банк те жоққа шығармайды.
Қалыптасқан жағдайда сарапшылар қазақстандықтарға жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілетін нарықтық ипотеканы рәсімдеуге асықпауға кеңес береді.
Қазір банктік депозиттердің кірістілігі инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Сондықтан тұрғын үй сатып алуды жоспарлап жүрген отбасылар үшін бастапқы жарнаны депозитте жинақтауды жалғастыру қаржылық тұрғыдан тиімдірек.
Бүгін, 12:03