Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) ресми өкілі, бригадалық генерал Хосейн Мохебби Иран қарулы күштері жаудың іс-қимылына тұрақты мониторинг жүргізіп жатқанын және кез келген ықтимал қақтығыс жағдайында қару-жарақтың түбегейлі жаңа үлгілерін қолдануға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz IRNA агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, Мохебби бұл туралы Al Masirah телеарнасына берген сұхбатында айтқан.
"Иран өзінің әскери әлеуетін үздіксіз арттырып, әскерді заманауи мамандандырылған қару-жарақпен жабдықтауды жалғастырып жатыр. Соғыс қимылдары басталған жағдайда біз ұрыс даласында қарудың жаңа түрлерін қолданамыз", - деп түсіндірді ИРСК өкілі.
Оның айтуынша, Тегеран қарсы тараптың барлық маневрі мен жоспарын мұқият қадағалап отыр.
"Иран қарулы күштері оқиғалардың кез келген сценарийіне толық дайындалды және тікелей қақтығыс болған жағдайда жауды кезекті рет жеңіліске ұшыратады", - деді ол.
Сонымен қатар Иран армиясының ресми өкілі бригадалық генерал Амир Акраминия Al Alam телеарнасына берген сұхбатында елдің қарулы күштері тікелей қауіп төнген жағдайда алдын алу соққыларын жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Ол атысты тоқтату режимі кезінде Иран қарулы күштері ықтимал нысаналар тізімін жаңартып, қолданыстағы қару-жарақты жаңғыртқанын және жинақталған жауынгерлік тәжірибені ескере отырып, техниканың жаңа үлгілерін қатарға қосқанын нақтылады.
Бұл ретте Акраминия Иранның әскери доктринасының қорғаныстан шабуылға ауысқанын атап өтіп, Ормуз бұғазының стратегиялық маңызына тоқталды. Ол Тегеранның осы айдындағы кеме қатынасын қамтамасыз ету тәсілін қайта қарауға ниетті екенін көрсетті.
Генералдың пайымдауынша, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери инфрақұрылымына ауыр зақым келген. Барлау мәліметтері мен спутниктік мониторингке сәйкес, АҚШ-тың өңірдегі әскери нысандарының көпшілігі, соның ішінде Бахрейндегі АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 5-ші флотының инфрақұрылымы қайта қалпына келтіру мүмкін емес деңгейде зақымдалған, деп мәлімдеді ол.
Оның бағалауынша, бұл логистикаға, азық-түлік және отынмен қамтамасыз етуге айтарлықтай кедергі келтіріп, американдық күштерді Шығыс Азия мен Диего-Гарсия аралындағы базаларды пайдалануға мәжбүр еткен.
Бұған дейін БАҚ беттерінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы санкцияларды жұмсартуға және түпкілікті келісім аясында бұғатталған қаражатты босатуға дайын екендігі, бірақ бұл үшін Тегеран ядролық мәселені шешуде "нақты ілгерілеушілік" көрсетуі тиіс екені жазылған болатын.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу