Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Иранның мемлекеттік БАҚ-тары жұма күні ел аумағында америкалық әскери ұшақтың атып түсірілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Mehr агенттігінің хабарлауынша, жойғыш ұшақ Иранның орталық бөлігінде әуе қорғанысы жүйесі арқылы атып түсірілген. Осыдан кейін АҚШ тарапынан іздестіру-құтқару операциясы басталған.
Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабының өкілі Ибрагим Зольфагари мемлекеттік телеарна эфирінде ұшақтың «жаңа озық әуе қорғанысы жүйесімен» жойылғанын мәлімдеп, бұл АҚШ-тың Иранның ПВО жүйесі әлсірегені туралы мәлімдемелерін жоққа шығаратынын атап өтті.
Ұшақтың нақты қай жерде құлағаны белгісіз. Дегенмен ирандық БАҚ-та Хузестан және Кохгилуйе-Бойерахмад провинциялары жиі аталып отыр.
Сонымен қатар Иран тарапы өзге де нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Ормуз бұғазы маңында америкалық A-10 шабуылдаушы ұшағы зақымданғаны, сондай-ақ құтқару операциясына қатысқан тікұшақтарға соққы берілгені хабарланды. Иран деректеріне сәйкес, экипажды эвакуациялау кезінде тікұшақтардың бірі зақымданған.
Иранның Кохгилуйе-Бойерахмад провинциясының губернаторы ұшқышты «тірідей қолға түсіру» басты міндет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ирандық БАҚ жоғалған америкалық ұшқыш туралы ақпарат үшін 10 млрд томан (шамамен 64 мың АҚШ доллары) көлемінде сыйақы жарияланғанын хабарлады.
Америкалық БАҚ ресми тұлғаларға сілтеме жасап, ұшақтың жоғалғанын және Иранның оңтүстік-батысында іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатқанын растады. Мәліметтерге сәйкес, ол F-15E жойғыш ұшағы. Экипаждың екі мүшесінің бірі құтқарылған, екіншісі із-түзсіз жоғалған.
Операцияға Black Hawk тікұшақтары мен A-10 Warthog ұшақтары тартылған.
CBS News мәліметінше, құтқарылған ұшқышты эвакуациялаған тікұшаққа оқ атылып, экипаж мүшелері жарақат алған. Алайда әуе кемесі қауіпсіз аймаққа жетіп, қонған. Сондай-ақ A-10 ұшағының зақымданып, оның ұшқышы катапульт арқылы құтқарылып, кейін эвакуацияланғаны хабарланды.
NBC News америкалық шенеунікке сілтеме жасап, атысқа қарамастан «барлық әскери қызметкерлер қауіпсіз жерде» екенін мәлімдеді.
Reuters дерегінше, экипаж мүшелерінің бірі құтқарылып, екіншісін іздеу жалғасып жатыр. Операция аймағында жанармай құю ұшақтары мен қолдау авиациясының белсенділігі тіркелген, бұл миссияның жоғары басымдыққа ие екенін көрсетеді.
Осы жағдай аясында Израиль әскері операция жүріп жатқан аумақтағы соққылар қарқындылығын уақытша төмендеткені хабарланды.
Израильдің 12-арнасының мәліметінше, жоғалған екінші америкалық ұшқыш шифрланған радиобайланыс арқылы байланысқа шыққан. Іздестіру-құтқару жұмыстары таңға дейін жалғасатыны айтылды.
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында бұл оқиға Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін мәлімдеп, жағдайды «соғыстың бір бөлігі» деп бағалады.
Сонымен қатар ол жоғалған ұшқышқа зиян келтірілген жағдайда АҚШ-тың қандай әрекет жасайтынына қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ақ үй ұшқыштың аман-есен табылатынына үміт артып отыр.
Ақ үйде жағдайға байланысты президенттің жария белсенділігі шектелген. Америкалық дереккөздерге сәйкес, Дональд Трамп операция барысы туралы толық ақпарат алып отыр және бұл миссия әскери басшылық үшін басым бағыттардың бірі саналады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Иранмен соғыста бір күнде екі әскери ұшағынан айырылғаны хабарланды.