Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Иран дрондары Оман шығанағында америкалық ұшақ тасығышқа соққы жасады. Бұл туралы "Хатам әл-Анбия" әскери қолбасшылығының орталық штабы мәлімдеді.
"Оман шығанағында Иранның теңіз шекарасына 340 шақырымға дейін жақындап, акваторияны бақылауға алмақ болған "Авраам Линкольн" ұшақ тасығышына Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері дрондар арқылы шабуылдады. Осыдан кейін кеме шығанақтан мың шақырымнан астам қашықтыққа шегініп кетті", — деп мәлімдеді Иранның IRIB мемлекеттік телерадио корпорациясы.
Жексенбі күні Иран әскерилері бұл ұшақ тасымалдағышқа төрт қанатты зымыранмен соққы жасалғанын да хабарлаған. Шабуылдан кейін кеме Үнді мұхиты бағытына қарай бет алған. Алайда америкалық әскери қолбасшылық кемеге снаряд тигені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран Ислам Республикасына қарсы операция бастаған. Тель-Авивтің мәліметінше, операцияның мақсаты — Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу.
Вашингтон Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жоямыз деп сес көрсетіп, ел азаматтарын билікті құлатуға шақырды.
Ал Иран жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға соққы жасап жатқанын мәлімдеді.