Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Иранның Пәкістандағы елшісі Реза Амири Могадам сейсенбі күні Исламабадтың АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған күш-жігері «сындарлы әрі сезімтал кезеңге» жеткенін мәлімдеді.
— Соғысты тоқтатуға бағытталған Пәкістанның ізгі ниеті мен делдалдық аясындағы оң әрі нәтижелі әрекеттері сындарлы, сезімтал кезеңге жақындап қалды, — деді дипломат.
Reuters мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы диалогты ұйымдастыруға бағытталған келіссөздер әлі жүріп жатыр, алайда жағдай тұрақсыз.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Иранның Сауд Арабиясындағы нысандарға жасаған зымыран соққылары дипломатиялық үдерісті бұзуы мүмкін.
Ислам революциясы сақшылары корпусының мәлімдеуінше, Иран Сауд Арабиясының Әл-Жубайль қаласындағы мұнай-химия кешеніне соққы жасаған. Бұл — корольдіктің мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы негізгі орталықтарының бірі.
Атап айтқанда, Saudi Aramco мен Dow бірлесіп жүзеге асырып отырған Sadara кешені және халықаралық энергетикалық компаниялар қатысатын өзге де кәсіпорындар нысанаға алынғаны айтылды.
Сауд тарапы бұған дейін елдің шығыс өңіріне бағытталған жеті баллистикалық зымыранның қағып түсірілгенін хабарлаған. Корольдіктің қорғаныс министрлігінің дерегінше, зымыран сынықтары энергетикалық инфрақұрылым маңына құлаған.
Иран өз кезегінде бұл шабуылдар Асалуйе ауданындағы мұнай-химия нысандарына жасалған соққыларға жауап болғанын мәлімдеді. Бұл өңірде елдегі ең ірі газ және мұнай-химия кластерлерінің бірі орналасқан.
Айта кетейік, осыған дейін Трамп Иранды сейсенбі күні бір түнде «жойып жіберемін» деп қорқытқан болатын.