Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Gizmodo сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz Иран әскерлерінің америкалық компанияға жасаған соққысының салдарын талдайды.
Иранның мемлекеттік медиасының мәліметінше, Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Дубайдағы Oracle компаниясының деректерді өңдеу орталығына соққы жасаған. Бұл шабуыл Иран америкалық және израильдік әскери операцияларға көмектесіп отыр деп санайтын америкалық технологиялық алпауыттарға соққы бере бастайтынын айтып қорқытқаннан небәрі екі күн өткен соң жасалған.
Бұл туралы Aikyn.kz кеше (2 сәуір) «Иран Nvidia, Google мен Apple компанияларына соққы жасайды» атты материалда жазған еді.
Иран мемлекеттік медиасы таратқан тізімде Oracle компаниясы нақты аталған. Тізімге сондай-ақ Apple, Google, Meta, Microsoft, HP, Tesla, Nvidia, Boeing, IBM және Cisco да бар. Oracle компаниясы бұлтты технологиялар мен ЖИ саласында АҚШ Қорғаныс министрлігімен әріптестік байланыс орнатқан. Сонымен қатар технологиялық алыптың негізін қалаушысы және директорлар кеңесінің төрағасы, миллиардер Ларри Эллисонның Израиль үкіметімен де тығыз байланысы бар.
БАӘ Ішкі істер министрлігі X (Twitter) желісіндегі жазбасында елдің әуе қорғаныс жүйелері сәрсенбіде (1 сәуір) Ираннан ұшырылған 5 баллистикалық зымыран мен 35 дронды, ал бейсенбіде (2 сәуір) 19 баллистикалық зымыран мен 26 дронды тосып алғанын хабарлады.
Иран мемлекеттік медиасының хабарламаларында болжамды шабуылдың нақты қай кезде болғаны көрсетілмеген. Ал БАӘ күштері Дубайға жасалған қандай да бір соққыны әзірге растаған жоқ.
Алайда бұл шабуылдар мүлде болмады дегенді білдірмейді. Бейсенбіде (2 сәуір) жарияланған Bellingcat зерттеуінде соңғы айда БАӘ «келтірілген залалды төмендетіп көрсеткені, тосып алынған шабуылдарды қате түсіндіргені және кей жағдайда елге жасалған ирандық дрон шабуылдарының сәтті болғанын мойындамағаны» айтылған. Oracle компаниясы болса, түсініктеме беруден бас тартқан.
ИРСК өз күштері Бахрейндегі Amazon нысанына да соққы жасағанын мәлімдеді. Бейсенбідеі залал туралы нақты хабарламалар болмағанымен, Бахрейн Ішкі істер министрлігі сәрсенбіде (1 сәуір) таңертең X (Twitter) платформасында жариялаған мәлімдемесінде «ирандық агрессия салдарынан компания нысанында шыққан өрттің» сөндірілгенін хабарлаған. Amazon-ның бұлтты сервистер бөлімі (AWS) дәл осы Парсы шығанағындағы елдегі өз нысандарының шабуылға ұшырағанын растамаған. Бірақ Financial Times басылымының сәрсенбі күнгі (1 сәуір) аноним дереккөзге сүйенген материалында дәл солай көрсетілген.
Соғыс аймақты 35 күн бойы тоқыратып тастады. Құқық қорғаушылардың ақпарат агенттігінің бағалауынша, тек Иранның өзінде 1 606 бейбіт тұрғын қаза тапқан, олардың кемінде 244-і – балалар. Иранмен қатар, Израиль күштері Ливанға да соққы жасап жатыр. Жергілікті биліктің мәліметінше, ол жақта 1 345 адам көз жұмған.
Сәрсенбі күні (1 сәуір) кешке америкалықтарға арнаған телеүндеуінде президент Трамп Иран инфрақұрылымына соққы беремін деп қорқытты. Президент сәрсенбідегі кешкі үндеуінде алдағы 2-3 апта ішінде «Иранды тас дәуіріне қайтаруға» уәде берді. Жақында Трамп келіссөздер жүріп жатқандықтан, америкалық әскери соққылар алдағы 2-3 аптада тоқтайды деп болжанған еді. Алайда Иран шенеуніктері оның мәлімдемелерінің көбін жоққа шығарды.