Иран Nvidia, Google мен Apple компанияларына соққы жасайды

02.04.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Aikyn.kz ирандық әскерилердің технологиялық компанияларға шабуылының себептерін Quartz материалына сүйеніп талдайды. 

Технологиялық алпауыттарға соққы беру сәрсенбі күні (1-сәуір) Тегеран уақытымен 20:00 деп белгіленген. Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) бұны Telegram-арнасы мен Tasnim ақпарат агенттігі арқылы таратты. Мәлімдемеде бұл компаниялар АҚШ пен Израиль Иран басшыларын өлтіргені үшін кек қайтару мақсатында нысанаға алынғаны айтылған. 

«Енді әрбір өлтіру үшін америкалық бір компания жойылады», – делінген мәлімдеде.

ИРСК атаған тізімде Cisco, HP, Intel, Oracle, IBM, Dell, Palantir, JPMorgan, Tesla, GE және Boeing компаниялары бар. Біріккен Араб Әмірліктерінің екі компаниясы да осы тізімге енгізілген. Олар – Абу-Дабидегі ЖИ саласындағы G42 және Дубайдағы киберқауіпсіздікке маманданған Spire Solutions компаниялары.

Ислам революциясы сақшылары корпусы барлық компания қызметкерлеріне жұмыс орындарын дереу тастап кетуге кеңес берген. Сондай-ақ осы компаниялардың Таяу Шығыс аймағындағы нысандарынан бір шақырым радиуста тұратын тұрғындарды эвакуациялауға шақырды. Ескертуде нысана АҚШ аумағындағы объектілер емес, Таяу Шығыстағы инфрақұрылым нысандары екені көрсетілген.

Time басылымының хабарлауынша, ИРСК бұл компаниялар Иран басшыларын, соның ішінде жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи мен корпустың бас қолбасшысы Мохаммед Пакпурды өлтіруге жәрдемдесті деген күдікпен санкциялық тізімге енгізілгенін мәлімдеген. 

«Террорлық әрекеттер нысаналарын әзірлеу және бақылау ісіндегі негізгі элемент – АҚШ-тың АКТ және ЖИ саласында жұмыс істейтін компаниялары болғандықтан, террорлық операцияларға тиімді қатысып отырған басты институттар біздің заңды нысаналарымыз болады», – делінген мәлімдемеде.

Intel өз мәлімдемесінде қызметкерлерінің қауіпсіздігі «ең басты басымдық» екенін айтып, компания Таяу Шығыстағы қызметкерлері мен бизнесін қорғау үшін шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. Microsoft, Google және JPMorgan түсініктеме беруден бас тартқан.

Бұл қоқан-лоққы Иранның бұған дейін Amazon компаниясына жасаған шабуылынан кейін айтылды. Наурыз айының басында БАӘ мен Бахрейндегі Amazon Web Services бұлтты қызметтеріне жасалған шабуыл аймақта электр қуатының үзілуіне және түрлі қосымшалар мен цифрлық сервистердің жұмысында ақауларға әкелген. Осы соңғы шиеленіске дейін кейбір америкалық компаниялар Парсы шығанағы елдеріндегі қызметкерлеріне қашықтан жұмыс істеуді тапсырған болатын.

Соңғы жылдары америкалық компаниялар Таяу Шығыста арзан энергия мен қолжетімді жер ресурстарына қызығып, аймақтағы ЖИ даму үдерісінің аясында ауқымды инфрақұрылым қалыптастырды. Қазір Парсы шығанағындағы бұлтты технологиялар мен ЖИ саласына салынған миллиардтаған доллар инвестицияға қауіп төне бастады.

Соғыс екінші айға ұласқан сайын экономикалық шығын да тез өсіп, жаһандық экономикалық көрініске көлеңке түсіріп отыр. Президент Дональд Трамп америкалық әскерлер Таяу Шығыс аймағынан 3-4 апта ішінде шығарылады деп күтетінін мәлімдеді. Ал мемлекеттік хатшы Марко Рубио «мәре сызығы жақын» екенін айтуда. Алайда қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ келісімге қол жеткізуге тырысып жатқанымен, «бомбалар арқылы келіссөз жүргізуді» жалғастыратынын мәлімдеді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында америкалық шенеуніктермен байланыста екенін, бірақ Иран атысты тоқтату ұсынысына жауап бермегенін айтты. 

«Бізде АҚШ-пен келіссөздер қандай да бір нәтиже береді деген сенім жоқ. Сенім деңгейі нөлге тең», – дейді ол. 

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының дерегінше, қақтығыс басталғалы бері БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Кувейтке қарай 3000-нан астам дрон мен зымыран ұшырылған. Соғыс басталғалы бері Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кетті, ал АҚШ-та бензин бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет галлонына 4 доллардан қымбатқа сатыла бастады.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью