Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Британдық SSY компаниясы BBC Verify журналистеріне Парсы шығанағындағы кемелерге жолданған хабарламаны растады.
- Назар аударыңыздар, Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі барлық кемелер. Бұл — Иран әскери-теңіз күштерінің хабар тарату стансасы. Ормуз бұғазы әлі де жабық, бұғаздан өту үшін Ислам революциясы сақшылары корпусынан рұқсат алу қажет. Теңізге шығуға әрекеттенген кез келген кеме шабуылға ұшырап, жойылады, - делінген онда.
SSY өкілі Клэр Гриерсонның айтуынша, кеме экипаждары бұл хабарламаны халықаралық теңіздік ескерту жиілігі арқылы қабылдаған.
Сәрсенбі күні бұғаз арқылы екі мұнай танкері өткен, алайда кейін Иран медиасының хабарлауынша, қозғалыс қайта тоқтатылған. Бұл жағдай Израильдің Ливанға қарсы жүріп жатқан шабуылдарымен байланыстырылып отыр.
АҚШ пен Израильдің бітім бойынша келісімі Ливанға қатысты емес екенін мәлімдесе, Иран билігі керісінше пікір білдіріп, соққыларды тоқтатуды талап етіп отыр.
Соңғы мәлімет бойынша, Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, жаппай шабуылдар салдарынан кемінде 112 адам қаза тауып, 837 адам жараланған.
Осыған дейін Израиль Иранға шабуылдарын тоқтатқанымен Ливандағы операцияларын жалғастырып отырғаны туралы жаздық.