Иран жүз жылда қалай өзгерді

11.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Батыс пен шығыс текетіресі

Өткен ғасырдағы екі бірдей дүниежүзілік соғыс Иран халқына оңай тиген жоқ. Таяу Шығыстағы ел алпауыт державалардың қыспағына түсіп, саяси мүдделердің нысанына айналғаны бар. Оның үстіне 1943 жылы АҚШ президенті Франклин Рузвельт, Кеңес Одағының көсемі Иосиф Сталин және Ұлыбритания елінің премьер-министрі Уинстон Черчилль Иран астанасы Тегеранда бас қосқан-тұғын. Сол төрт күнге созылған конференциядан кейін əлем елдерінің тағдыры шешіліп, Иранның да өмірі жаңа арнаға бұрылды.

Фото: 9may.roscongress.org/

Аласапыран кезеңде Иранның саяси басқару жүйесі монархияға негізделген еді — елді шах басқарды. Алдымен Реза шах, кейін оның ұлы Мұхаммед Реза шах билікке келді. Олар ағыл-тегіл мұнайдан пайда көріп, оны Ұлыбритания мен АҚШ-қа саудалап отырды.

Дәл сол кезең мемлекеттің ең дәуірлеген кезеңі деп көп айтылады. Әйелдер еуропалық үлгіде киініп, хиджабсыз жүруге мүмкіндік алды. Қоғамға батыстың мәдени салты енді, технология мен өнер өрістеді.

Ирантанушы Гауһар Омарханованың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында еуропалық өркениеттің қанат жаюына қатысты көзқарас біркелкі болмады. Жергілікті халық дәстүрлі өмір салтын, заманауи ұстанымды қатар қолданды. Ақыр соңы алғашқысы кейінгі өркениетті жұтып тынған.

— Шах заманында экономикалық өрлеу болғанын жоққа шығармаймыз. 1963 жылдан бастап Мұхаммед Реза Пехлеви «ақ революция» деп аталатын реформалар легін өткізді. Оның басты бағыты батыс сипатындағы модернизация еді. Бірақ әсері патша мен оның айналасындағы адамдардан әрі аспады. Кедей кедейлене түсті, байдың жағдайы жақсара берді, халық бұрынғы қалпында қалды.

1963 жылы әйелдерге алғаш рет сайлау құқығы берілді. Олар білім алды, заманға ілесті. Сол шақтағы сурет-бейнелерді қарасаңыз, заманауи киінген әйелдерді көруге болады. Бірақ бұл — жаппай сол үрдіс белең алды деген сөз емес. Бұрын да, қазір де Иран қоғамы дін мен дәстүрді қатар ұстанады. Олардың барлығы — шейіттік бағыттағы мұсылмандар, — деді сарапшы.

Фото: 24tv.ua

Әсері бірден білінбегенімен, күнделікті өмірдегі қайшылықтар үлкен қақтығысқа жетелеуі мүмкін. Мұны Иранның мысалынан аңғарып отырмыз. Өткен ғасырдың орта тұсында кей діни топ батыс өркениетінің енуіне қарсы шықты. Бағзы заманнан қалыптасқан өз киім стилі мен дағдысынан ажырағысы келмеді. Ал патша бәрін батыстық сипатқа көшіру идеясынан қайтқан емес. Осылайша, реформа кері реакция тудырып, наразы қосын саяси аренаға шықты.

АҚШ-пен достық қашан үзілді?

Бірі білсе, бірі білмес, өткен ғасырдың 1970 жылдарына дейін АҚШ пен Иран жақын серіктес елдер болған. Кей дерек бойынша, тіпті алғашқыда АҚШ Ирандағы ислам революциясын қолдап, діни көсемді жақтаған. Гауһар Омарханованың сөзінше, АҚШ-тың аймаққа деген қызығушылығына мұнай түрткі болған көрінеді.

Иран екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ұлыбритания мен Кеңес одағының ықпалынан сытыла алмады. Соғыс аяқталғаннан кейін үшінші держава — АҚШ қосылып, өз «қамытын» кигізуге тырысқан. АҚШ-тың әскери кеңесшілері Иранның барлық ісіне араласты. Мұнай консорциумы құрылып, Иран мұнайының 80 пайызы батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияға жөнелтіліп отырды. Содан АҚШ біраз уақыт Иранның серіктесі саналды.

Фото: AP / Roy Essoyan

— Алғаш 1953 жылы премьер-министр Мохаммед Мосаддык мұнайды мемлекеттендіру идеясын бастады. Істің орайы батыс державаларына ұнамай, төңкеріс жасалып, премьер-министрді қызметінен алып тастады. Орнына өздеріне ыңғайлы үміткерді әкеліп, мұнайды уысында ұстады. Бұл — АҚШ пен Ұлыбритания ұйымдастырған төңкерістің бірі. Осылайша, «қара алтынды» мемлекет меншігіне қайтарамын деген алғашқы талпыныс аяқсыз қалған болатын.

Бірақ 20 жылдан кейін патшаның өзі қайтадан мұнайды мемлекет меншігіне қайтаруға бел буды. Осы жолы екі алып держава діни топтардың белсенділігін пайдаланып, елдегі революцияны күшейтті, — дейді ирантанушы.

Қызығы сол, АҚШ-қа өлердей қас болған имам Хомейниді (Рухолла Хомейни) Францияда жүрген жерінен арнайы бортпен Тегеранға әкелген АҚШ-тың өзі болған-ды. Оны мұнай саясатына қатысты ұстанымды өзгертеді деген үмітпен қарсылық тобына қосты, билікке қол жеткізуіне жәрдемдесті деген дерек бар.

Фото: journal-neo.su

Бірақ 1979 жылдан кейін бәрі өзгерді. Ислам революциясы жеңіске жетіп, Рухолла Хомейни батысты да, шығысты да жақтамай, Ислам Республикасы деген ұранды желеу етті. «Велаят-э-Факих» идеологиясын алға тартып, тәуелсіз өмір сүре бастады.

— Ислам революциясынан кейін елден барлық шетелдік компания шықты, елдегі базалар жойылды. Иран тәуелсіз өмірін бастады және басты жауы Израиль деп жариялады. Израильді мемлекет ретінде қабылдамайтынын айтып, Палестинаның жапа шегіп отырғанын жеткізді. Палестинаны азат етуді сыртқы саясатының басты бағытына айналдырды, — деп түсіндірді Гауһар Омарханова.

Фото: AP © Derek Ive

Сонымен, ислам революциясынан кейін Иранның саяси жүйесі толық жаңарды. Ел діни ұстанымдарға негізделген заңдар шығарып, қоғамды шариғат бойынша өмір сүруге міндеттеді. Мемлекетте президент лауазымы болғанымен, негізгі билік рухани көсем — рахбардың (діни көсем) қолында еді.

Фото: Keystone/Getty Images

Рухолла Хомейни Иранды 10 жыл биледі. Тірісінде халқы соғыстан көз ашпай, бірнеше мемлекетпен қырғи-қабақ болған. 1989 жылы Рухолла Хомейни дүние салғаннан кейін, орнын Әли Хаменеи басты.

Бәріне танымал, ақпанда АҚШ-тың әуе соққысынан қаза болған діни көсем осы. Ол Ислам республикалық партиясының негізін қалаушылардың бірі болды. Оның тұсында Иранда теократиялық жүйе нығайып, әйелдерге хиджаб кию міндеттелді, алкогольге тыйым салынды. Хаменеи Ислам революциясы сақшылар корпусын (ИРСК) құруға қатысқан, қорғаныс министрінің орынбасары және Меджлис депутаты болды.

Фото: Khamenei.ir

Қазір Әли Хоменеиден тараған 6 бала бар. Fars ақпарат агенттігінің дерегіне сенсек, жуырда Хаменеидің қазасынан соң екінші ұлы Моджтаба Иранның көсемі болып сайланған. Демек, Иранның тағдыры әлі діни құрылымдардың қолында.

Қытай мен Ресей: санкциядан кейінгі жол

АҚШ Таяу Шығыстағы негізгі серіктесінен айырылып қалғаннан кейін 1980 жылдардан бастап Иранға санкцияны қарша боратты. Алайда жарты ғасырға жуықтағанымен, Иранның экономикалық әлеуеті күйреген жоқ. Керісінше, кей салада көш ілгері келеді. Сарапшылардың сөзінше, бұл жағдайға Қытай мен Ресей тарапынан жасалған қолдау көмек болды деп санауға болады.

Ирантанушы Гауһар Омарханованың дерегінше, АҚШ санкциясы 1990 жылдары ғана сәл саябырсып, 2000 жылдары қайта күшейген. Шектеу барлық салаға соққы болғанға ұқсайды. Оның ішінде мұнай саласындағы санкция әсері маңызды: батыс елдеріне Ираннан мұнай алуға тыйым салынды, банк жүйесінде түйін пайда болды. Қазір Иран тікелей ешқандай жерге ақша жібере алмайды. Ешқандай банкпен тікелей байланыс орната алмайды.

— 1980-1988 жылдары Иран-Ирак соғысы болғаны белгілі. Бастапқы 3 жылда Иран ойсырай жеңілді. Кейін ерікті күштер арқылы экономикасын, қорғаныс жүйесін қайтадан қалпына келтірді. 8 жылда барлық инфрақұрылымын дұрыстады десек болады. Бұл жерде Қытай мен Ресей тікелей көмектескен жоқ.

Тек 2000 жылдары Қытаймен 25 жылдық келісімшартқа қол қойылды, Ресеймен шабуыл жасамау туралы өзара мәміле бар. Оған экономикалық келісімдерді қосуға болады. Бірақ Иран ешқашан екі мемлекетке серіктес ретінде сенген емес, — дейді сарапшы.

Соған қарамастан Иран алыс-жақын мемлекеттермен сауда-саттық орнатуға бейіл. Бізбен де алыс-берісі бар, 3 ай бұрын ғана Иран президенті Қазақстанға ресми сапармен келіп, бірнеше келісім жасасты.

Фото: Ақорда

Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, жаңа көсемнің көзқарасы екі елдің келешек экономикалық байланысына әсер етуі мүмкін.

— Үш ай бұрын Иран президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында бірқатар келісімге қол қойылғаны белгілі. Егер Иранда билік трансформациясы жасалса, құжаттардың тағдыры қалай болады деген сұрақ заңды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекетаралық келісімдер жекелеген тұлға арасында емес, мемлекетке қатысты жасалады. Сондықтан билік ауысқан жағдайда келісімдердің толық жойылу ықтималдығы төмен.

Дегенмен, жаңа саяси басшылықтың сыртқы саясаты мен санкциялық ортаға байланысты кейбір жоба қайта қаралуы немесе баяулауы мүмкін. Егер жаңа билік прагматикалық бағыт ұстанса, Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастық сақталып қана қоймай, кеңеюі ықтимал, — деп болжады Жанат Момынқұлов.

Пехлевидің дәмесі және Иран қазақтары

Аумалы-төкпелі кезеңде Иран жұртының қандай таңдау жасайтынын дөп басу қиын. Халық екіге жарылып отыр. Бірі ислам дініне негізделген дәстүрлі режим қалсын десе, екінші тарап өзгеріс болғанын қалайды.

Сарапшы Гауһар Омарханованың айтуынша, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейтіндердің барлығы қазіргі жүйенің сақталуына мүдделі. Ал наразы топ өз ішінен жікке бөлінген.

— Қарсы тарапта ұстаным әртүрлі. Мысалы, кейбір топ бұрынғы Иран шахының мұрагері Реза Пехлевидің билікке келіп, монархияның орнағанын қалайды. Екінші топ демократияға ұмтылып отыр, сайлау өтсе деген үміті бар.

Бәрінен қиыны, Иран оппозициясында айтулы көшбасшы жоқ. Билік ауысқан жағдайда қарсы тарап ұсынатын тұлға жоқ. Сондықтан бұл ірі сценарий болады деп ойламаймын. Соғыстың алғашқы күндері көрсеткендей, Ирандағы діни жүйенің мықтылығы сондай, бір адам қаза тапса немесе қайраткер өмірден өтсе, оның орнын екіншісі басып, билікті одан әрі жалғастыра береді. Сондықтан басқару тармақтары арасында қайшылық туындаған жоқ, — деген ойда спикер. 

Фото: Salvatore Di Nolfi / EPA / TACC

Реза Пехлеви — өткен ғасырда ислам революциясы кезінде елден қашқан шаһтың ұлы. Еуропада өмір сүреді. Кейінгі уақытта ауық-ауық халықты жаппай наразылыққа шығуға үндегенімен танымал. Соңғы бейнеүндеуінде энергетика, мұнай, газ және көлік салаларында жұмыс істейтін азаматтарды ереуілге шығып, халыққа қосылуға шақырған болатын. Ирандағы биліктен тек дін өкілдері ғана емес, патша баласының да дәмесі бар.

Бүгінде Иранда қазақ диаспорасы қалыптасқан. Олар қай тарапқа болысатыны, саяси өмірде қаншалықты белсенді екенін білгіміз келетіні анық. Гауһар Омарханова олардың тұрмыс деңгейі орташа әрі саяси науқандарға қатыса бермейді деп отыр.

— Қазақтар 1930 жылдары ашаршылық кезінде Иранның Гүлістан провинциясына көшіп барды. Қазір қандастарымыз Гүлістан облысындағы Горган, Гомбат қалаларында қазақ ауылдарында топтаса өмір сүріп жатыр. Болжам бойынша, аймақта 5-6 мыңға жуық қазақ тұрады деп санаймыз. Бірақ нақты статистика белгісіз. Өйткені Иранда санақ жүргізілмейді. Билік этнос құрамын жазғанда қазақтарды қоспайды, саны өте аз.

Ондағы қазақтар саяси өмірден алшақ, тіршілігі өте қарапайым. Ерлер Тегеран мен Горган арасындағы жолаушылар тасымалымен айналысады, әйелдер Ыстанбұлдан тауар әкеліп сатады, — дейді сарапшы.

Фото: STAN.KZ

Жүз жылда Иран түрлі кезеңді бастан өткерді. Еуропа өркениетін сіңірді, демократия дәмін сезінді, діни қағидаға өмірін байлады. Алайда осы аралықта халықтың қайсарлығы мен болашаққа деген үміті бәсеңдемеді. Ендігі кезекте қазіргі жағдайдан қалай шығатыны мұң болып тұр. Өйткені кезекті таңдау ел тағдырын шешпек.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью