Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ирандық Solico Group азық-түлік холдингі компаниясының президенті Голам Әли Сүлеймани сүтті терең өңдеу саласындағы ірі жобаны іске асыруға бағытталған инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Жылына 155 мың тонна өнімге жоспарланған ірі жоба Алматы облысында салынады деп жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі – 35,2 млрд теңге. Қазіргі уақытта белгіленген аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Голам Әли Сүлеймани Қазақстанның өңірлік азық-түлік өндірісі орталығы ретіндегі әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, компанияның елдегі инвестициялық қатысуын одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытатынын білдірді", - деп жазылған хабарламада.
Инвестициялық келісім аясында өндірістік алаңға қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізумен қатар, кең көлемде мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылған.
Зауыттың құрылысы 2029 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қол қойылған келісімге сәйкес, инвестор 400 тұрақты жұмыс орнын ашады, қазақстандық мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттырады. Сондай-ақ өндірісте заманауи технологиялар мен жаңа тәжірибелер енгізіледі.
Бұдан бөлек, компания 2028–2038 жылдар аралығында Алматы облысындағы жергілікті қауымдастықтарды қолдау және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін жыл сайын 50 млн теңге бөлуді көздеп отыр.