Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АЛМАТЫ, 9 наурыз – Sputnik. Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та тараған Ираннан көшкен "қышқыл бұлт" Орталық Азияға да жетеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Дезинформацияға қарсы күрес орталығы.
"Қазгидромет" мұндай хабарламаларды ғылыми деректер және бақылау нәтижелері растамағанын хабарлады. Қышқылды жауын-шашын өнеркәсіптен, энергетикадан және көлік түтінінен бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі", - дейді орталық мамандары.
Айтуларынша, ауа массалары ұзақ қашықтыққа қозғалғанда концентрация төмендейді.
"Мониторинг деректері бойынша Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде ауаның ластанғаны туралы мәлімет тіркелген жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, Израильдің Иран мұнай қоймаларына жасаған соққысы салдарынан аспанды қою түтін басты. Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамы қышқыл жаңбыр туралы ескертті. Ұйымның мәліметінше, түтін салдарынан атмосфераға көптеген улы зат жайылған. Мұнайдың жанынан ауаға көмірсутектер бөлініп, оксид, күкірт пен азот жайылады. Су және оттегімен әрекеттесіп, қышқылдық жауын-шашын түзіледі. Мұндай жаңбыр денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін: адам терісі химиялық күйік алып, тыныс алу жолдары қабынуы ықтимал.