Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
«Ақ Жайыққа» Исатай ауданының Қамысқала ауылдық округінің дала аймағында малдың қырылуы туралы мақала жарияланғаннан кейін аудан әкімдігі жағдайға түсініктеме берді.
Билік өкілдері ауа райының қолайсыз болғанын растайды, алайда бүгінгі күнге дейін малдың жаппай қырылуы туралы ресми деректер жоқ екенін мәлімдеді.
Исатай ауданы әкімі Нұрым Мусиннің ақпараты бойынша, осы жылғы қысқа мал азығын дайындау және қор жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асты. Қора бастарына 70, 5 мың тонна мал азығы дайындалып жеткізілген, мұның сыртында 10 мың тонна өткен жылдан қалған. 49,2 мың тонна сырттан әкелінді, яғни Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы,көршілес Құрманғазы, Қызылқоға ауданынан келген шөптерді малшылар өз қаржыларына сатып алған.
Әкімдік сондай-ақ қаңтар айында жауған жаңбырдан кейін даладағы жағдайдың қиындай түскенін растады.
- Қаңтарда жауған жаңбырда округ төңірегін мұз басып, онсызда арық малдар, әсіресе жылқылар жайыла алмады. Фермерлер мен жеке шаруашылықтан 50 бастан астам жылқы шығыны орын алған деген бейресми ақпарат бар. Бірақ ветеринариялық ресми тіркелмеген, - деп хабарлады Нұрым Мусин.
Аудан әкімі шаруашылықтарға көмек ретінде жем-шөптің бір бөлігі сақталғанын, ал жеткізілімдердің жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
- Бүгінгі күнге айдан бойынша шөп қорының 52 пайызы сақтаулы. Мал азығын жеткізу жұмыстары Құрманғазы және Қызылқоға аудандарынан жеке кәсіпкерлер арқылы жүргізілуде. Шөп фермерлік шараушылықтар мен жеке тұрғындарға сұранысына қарай жеткізу ұйымдастырылуда. Бір орам шөптің салмағы 200-250 кг Құрманғазыдан 9000, ал Қызылқоға ауданынан 12000-14000 теңгеден жеткізіліп отыр. Ал аудан орталығы Аққыстау мен Тұщықұдыққа әкелінген шөпті сұраныс беруші өз тасымалдап алуы тиіс, - деп түсіндірді ол.
Ал құрама жем жеке кәсіпкерлер арқылы Орал, Атырау, Қостанай қалаларынан тасымалдап жеткізуде. Қазіргі таңда құрама жем 14 кәсіпкерлік нысанда сатылып отыр.
Бұл ретте Қамысқала округінің шаруалары негізгі мәселе – логистика екенін атап өтеді. Олардың айтуынша, көктайғақ пен жолдың болмауына байланысты олар аудан орталығынан шалғайдағы қыстақтарға шөпті өздері жеткізе алмай отыр. Ал билік, өз кезегінде, жем-шөпті тікелей мал ұстайтын орындарға жеткізу мемлекет міндетіне кірмейтінін баса айтады.
Осындай ақпарға қарамастан, редакцияға малдың қырылуы туралы хабарламалар әлі де келіп түсуде. «Ақ Жайықтың» қолында 45 адамның мал шығыны жөніндегі тізімі бар. Малшылардың айтуынша, мал қырылып жатыр, ал кейбір қыстақтардағы жағдай ресми түрде әлі тіркелмеген. Бұған қыстақтардың шалғай орналасуы, ауа райының қолайсыздығы және оларға жетудің қиындығы себеп болып отыр.
Шын мәнінде қанша малдың қырылғаны тек қар ерігеннен кейін ғана белгілі болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бүгін, 13:26