Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Үкімет басшысы Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орындарының жұмысымен танысты. Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Олжас Бектенов өндірістерді жаңғыртуға, олардың жүктемесін ретке келтіруге жіті мән берді. Жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесі мен мамандар даярлығын да пысықтады. Қарашығанақ - 280 миллион тонна мұнай мен 800 миллиард текше метрге жуық газ қоры шоғырланған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі.
Былтыр онда 12 миллион тоннадан астам өнім өндірілген. Жыл соңына дейін бұдан да көп өнім алу жоспарда бар. Газ айдау тиімділігін арттырып, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында кен орнын кеңейту жобасының алғашқы кезеңі басталды. Осының арқасында, ішкі нарыққа 7,5 млрд текше метр газ жеткізілген. Айта кеткен жөн, елде жыл сайын 85 млн тоннадан астам мұнай мен 55 млрд текше метр шамасында газ өндіріледі.
Никола Аллегро, «Karachaganak Petroleum Operating» B. V. бас директорының орынбасары:
- Кездесу барысында мен компаниямыздың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалары туралы баяндап, бұл мақсатта бөлінген 460 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялар жөнінде мәлімет бердім. Әсіресе мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларын төмендетуге арналған бағдарлама мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қосқан үлесіміз айрықша атап өтілді. Жоба аясында 800 гектар аумаққа жасыл желек отырғызу жұмыстары жүзеге асуда.