Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
— Биылғы наурызда өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік оң көрсеткіште болды: тиісті индекстер 50,5 және 50,7 деңгейінде қалыптасты. Ал құрылыс, сауда және тау-кен өнеркәсібінде жағдай төмендеу тенденциясында болып, индекстер тиісінше 44,6, 48,0 және 49,6 деңгейінде екенін аңғартты, — делінген хабарламада.
Ал бизнес-ахуал индексі (БАИ) жақсарып, 7,6 (ақпанда — 3,8) болды. Бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағына өтті. Қазіргі ахуалға берілген баға аздап қана оң нәтиже көрсетті, ал келешек жағдайға қатысты оптимизм айтарлықтай жақсарды.
Сонымен қатар респонденттер сұраныс өндіріс пен қызмет көрсету секторында жақсарғанын, сауда мен құрылыста — біршама төмендегенін атап өтті.
Еске сала кетейік, былтыр Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілгенін айтқан еді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілгені хабарланды. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті.