Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Ислам ынтымақтастығы ұйымы Израиль жариялаған егемендікті орнату ұмтылысына байланысты Сыртқы істер министрлері деңгейінде Атқару комитетінің ашық форматтағы шұғыл отырысын шақырып отыр. Жиын 26 ақпанда Джидда қаласында өтеді деп жоспарланған.
Ұйымның мәлімдеуінше, кездесу заңсыз шешімдер мен Израильдің оккупациялық билігінің әрекеттеріне қарсы ұстанымдарды үйлестіруге және нақты қадамдарды талқылауға бағытталған.
— Соңғы шешімдердің бірі — «мемлекеттік меншік» деген желеумен оккупацияланған Батыс жағалауда жерлерді тіркеу процесін бастау. Бұл палестиналық аумақтардың құқықтық, саяси және демографиялық мәртебесін өзгертуге және «екі мемлекет» қағидатын әлсіретуге бағытталған заңсыз жоспарлардың бір бөлігі ретінде бағаланып отыр, — делінген ИЫҰ хабарламасында.
Израиль министрлер кабинеті 1967 жылдан бері алғаш рет Батыс жағалауда жерлерді тіркеу процесін іске қосуды мақұлдады. Бұған дейін елдің қауіпсіздік кабинеті аталған аумақта израильдік бақылауды кеңейтуге бағытталған қосымша шараларды бекіткен болатын. Аталған шешімдер араб және мұсылман елдерінің ортақ наразылығын туғызды.