Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Қарағандыда кейінгі жылдардағы атышулы қылмыстық істердің біріне нүкте қойылды. Сот Қарқаралы ауданындағы ерлі-зайыпты мен олардың қызын патронаттық тәрбиеге алған алты баланы жүйелі түрде қинағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағандыда кейінгі жылдардағы атышулы қылмыстық істердің біріне нүкте қойылды. Сот Қарқаралы ауданындағы ерлі-зайыпты мен олардың қызын патронаттық тәрбиеге алған алты баланы жүйелі түрде қинағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімді облыстық ювеналды соттың судьясы Советхан Смағұлов жариялады. Отағасы кінәлі деп танылып, 12 жылға, оның жұбайы 10 жылға, ал қызы 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
"Сотталушылар келесі баптар бойынша кінәлі деп танылсын: "Көрінеу кәмелетке толмаған, екі немесе одан да көп адамға қатысты қиянат жасау", "Көрінеу кәмелетке толмаған, дәрменсіз күйдегі немесе кінәлі адамға тәуелді адамға қатысты адамдар тобымен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" және "Ірі мөлшердегі алаяқтық". Оларға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 12, 10 және 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді судья Советхан Смағұлов үкімді оқу барысында.
Фото сот залынан: Tengrinews.kz
Сот процесі бір жылдан астам уақытқа созылды. Бастапқыда айып балалар үйінен алты баланы патронаттық тәрбиеге алған ерлі-зайыптыға тағылған болатын.
Фото сот залынан: Tengrinews.kz
Тергеу нұсқасы бойынша, отбасы балаларды асырау үшін мемлекеттен төлемдер алып отырған, алайда қамқорлықтың орнына балалар қорлық көріп, соққыға жығылып, қатыгездікке тап болған. Бұған дейін Tengrinews.kz оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі хабарлаған болатын.
Айта кетейік, тергеушілер қорлық көрсетуге ерлі-зайыптылардың үлкен қызының да қатысы болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Айыптау актісі өзгертілгеннен кейін сот тергеуі қайтадан, үш сотталушыға қатысты басталды.
Айыптау нұсқасына сүйенсек, балаларды шаруашылықтағы ауыр жұмыстарды істеуге, мал бағуға мәжбүрлеген, кішігірім кінәсі үшін соққыға жығып, житін тамағын шектеген. Іс материалдарында кәмелетке толмағандарды тезек қосылған нан жеуге мәжбүрлегені, ит үйшігінде ұйықтатқаны, сондай-ақ басқа да қорлық пен физикалық зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы деректер бар.
Зардап шеккендердің бірінің денесінен дәрігерлер 19 тыртық, екіншісінен 47 тыртық тапқан. Жасөспірімдердің бірі өзін кілемге орап, есінен танғанша үстінен секіргенін айтып берді. Кейін зардап шегушіге бірнеше ота қажет болып, мүгедектік тағайындалған.
Жәбірленушілердің өкілдері айыптау тарапының ұстанымын толық қолдап, айыпталушыларға қатаң жаза қолдануды талап етті.
"Бес жыл бойы балаларға жасалған бұл зорлық-зомбылыққа, біздің ойымызша, қорғаншылық органдарының салғырттығы себеп болған. Бұл жағдайлар сот талқылауы барысында анықталды. Біз соттың қорғаншылық органдарының атына жеке қаулы шығаруын талап етеміз", - деді бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Бүркіт Оразбеков.
"Таңшолпан" орталығының заңгері Вероника Могутина айыптау нұсқасы бойынша балалар қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс ересектерге толықтай тәуелді болғанын баса айтты. Дәл осы фактінің өзі жантүршігерлік жағдай, деді ол.
Сотталушылардың өздері кінәсін мойындаған жоқ. Ауылдық мектеп директоры болып жұмыс істеген отағасы асырап алған балаларын өз баласындай жақсы көргенін және оларға ешқашан күш көрсетпегенін алға тартты.
"Мен 26 жылдан астам уақытымды ұстаздық қызметке арнадым, мінездемелерім де жақсы. Мен оларға саусағымның ұшын да тигізген емеспін. Керісінше, балалар маған біздің отбасымызға келгенге дейін зорлық-зомбылық көргендерін айтқан болатын. Оның ішінде, олардың айтуынша, кейбірі балалар үйі мен балалар ауылында жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған", - деп мәлімдеген еді сотталушы процесс барысында.
Сондай-ақ ол қылмыстық істі "тапсырыспен жасалған" деп атап, отбасының жала құрбаны болғанын алға тартты. Қорғаушы тарап айыпталушыларды ақтауды сұрады.
Сотталушының адвокаты Әсел Қойшыбаеваның айтуынша, істе қылмыстық-процестік заңнаманың көптеген бұзушылықтары бар, ал айыптау дәлелдері оның қорғауындағы азаматтың кінәсін растамайды.
Сотталушылар мен олардың адвокаттарының ұстанымына қарамастан, сот үшеуін де кінәлі деп танып, нақты бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған шағым бере алады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу