Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Акцияға Италияның әртүрлі өңірлерінен, сондай-ақ шетелден, оның ішінде Франциядан 15-20 мыңға жуық адам қатысқан.
Наразылық білдірушілер Askatasuna әлеуметтік орталығы орналасқан ғимаратты бұзу шешіміне қарсы шықты. Аймақтық басылымдардың жазуынша, бұл орталық елдегі солшыл және анархистік қозғалыстың ең көне әрі танымал ошақтарының бірі саналады.
2025 жылғы желтоқсанда Corso Regina Margherita көшесінде орналасқан ғимарат құқық қорғау органдарының операциясы барысында босатылған. Рейд кезінде солшыл бағыттағы жергілікті белсенділер шығарылған.
Сенбі күні өткен шеру бастапқыда бейбіт сипатта өтті. Алайда кешке қарай бетперде мен каска киген радикалды топ негізгі колоннадан бөлініп, орталықтың бұрынғы ғимараты мен Einaudi университеттік кампусы маңына бет алған.
Наразылық білдірушілер полицияға петарда, қолдан жасалған жарылғыш заттар, тас пен жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырған. Бұған жауап ретінде құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ, суатқыш техника қолданып, бірнеше шұғыл әрекет жасаған.
Ең ауыр шабуыл 29 жастағы мобильді полиция қызметкері Алессандро Калистаға жасалған. Ол қоршауда қалып, жерге құлатылған, жұдырықпен, аяқпен және кей деректер бойынша балғамен соққы алған.
Италияның вице-премьер-министрі, сыртқы істер министрі Антонио Таяни полицейге шабуыл жасағандарды қатаң айыптады.
– Туриннен тараған бұл кадрлар мені қатты ашуландырды. Қалайша біреуге, әсіресе қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейге балғамен шабуыл жасауға болады? Бұлар – бай отбасынан шыққан, бұзақы әрі қорқақ жастар. Мемлекетті және оның институттарын үлкен құрбандықпен қорғап жүрген барлық құқық қорғау қызметкерлерін қолдаймын, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
1 ақпан күнгі мәліметке сәйкес, кемінде 10 адам ұсталған. Олардың екеуі қамауға алынған, үшеуі (оның ішінде жас әйелдер де бар) айып тағылып, елден шықпау туралы қолхатпен босатылған. Жарақат алған полицейлердің жалпы саны – 31.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони оқиғаны қатаң айыптап, «Бұл – наразылық та, пікір білдіру де емес, мемлекетке қарсы бағытталған ашық агрессия» деп мәлімдеді.
1 ақпанда ол Турин қаласына барып, полиция қызметкерлерімен кездесті және Molinette ауруханасында жараланған Алессандро Калистаның жағдайын жеке өзі барып көрді. Италия президенті Серджо Маттарелла ішкі істер министрі Маттео Пьянтедозиге қолдау білдірді.
Айта кетейік, Италия курортындағы аспалы жолда апат болып, туристерді тікұшақпен эвакуациялады.