Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
«Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.Live» бағдарламасында қонақ болған ол Олимпиада ойындарындағы волонтерлік қызметі, AKSI студенттер қауымдастығының жұмысы және жат елде жүріп отандық спортшыларға қолдау көрсетудің маңызы туралы айтып берді.
Атырау БИЛ мектебінің түлегі Нұрхан Орынбасаров Италиядағы білім жолын Foundation бағдарламасынан бастап, бүгінде Милан университетінде магистратурада экономист мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Нұрхан тек сабақпен шектелмей, әлемдік деңгейдегі спорттық шаралардың ортасында жүр.
Ол Олимпиада ойындарында волонтер ретінде қызмет етіп, әлемдік доданың ішкі тынысын сезіну бақытына ие болды.
— Мұндай олимпиадаға волонтер ретінде қатысып, Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісіне куә болу мен үшін ерекше мақтаныш. Жалпы волонтердің жұмысы өте қарқынды. Таңертең тұрып, осы шараға келеміз. Басты міндеміз — қонақтарға бағыт көрсету, ақпарат беру және ұйымдастыру жұмыстарына көмектесу, — деп атап өтті кейіпкеріміз.
Сонымен қатар Олимпиада ойындарынан бөлек, Нұрхан Италияда өтетін кез келген қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстарда трибунаның алдыңғы шебінен табылуға тырысады.
— Шетелде жүрсек те, қазақ спортшыларын қолдауға тырысамын. Мысалы, Қазақстан — Сан-Марино футбол матчына, сондай-ақ Қайрат — Интер арасындағы ойындарға барып қатыстым. Өз елінің намысын қорғап жатқан спортшыларға жанкүйер болу мен үшін маңызды, — дейді ол.
Айта кетейік, бүгінде Нұрхан AKSI (Қазақстандық студенттердің Италиядағы қауымдастығы) ұйымының белсенді мүшесі. Бұл қауымдастық — жат жерге енді келген студенттерге бағыт-бағдар беріп, қазақ жастарының басын қосатын алтын көпір.
Бұған дейін, Милан және Ливиньо қаласында ерікті қызыметін атқарып жүрген қазақ қыздары жайлы жазған едік.