Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бүгінде ғылымға қызығып, болашағын осы саламен байланыстырғысы келетін оқушылар аз емес. Мәселен, Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Сара Сайранова мен Әмина Тайжанова Қаракөлдегі экологиялық жағдайды зерттеп, аққулардың жаппай қырылу себебін анықтауға атсалысты. Олар ғылыми негізделген ұсынысын тиісті мекемелерге жолдап, нәтижесінде заңбұзушылық жойылды. Жас зерттеушілердің бұл еңбегі халықаралық байқауда да жоғары бағаланып, жүлделі бірінші орынға ие болған
еді.
Зерттеу жұмыстары «Эколидер» клубы аясында ұйымдастырылып, оған тәжірибелі мамандар да тартылған. Жобаға химия-биология пәнінің мұғалімі Бақытгүл Жақсылықова мен тәуелсіз сарапшы, клубтың аға волонтері Әділбек Қозыбақов жетекшілік еткен. Осылайша, жас зерттеушілер кәсіби қолдауға сүйене отырып, мәселені тереңірек зерделеп, оның алдын алу жолдарын қарастырған.
Сара мен Әмина «Эколидер» клубының «Қаракөл сақшылары» жасағының құрамында жыл сайын Қаракөлдегі құстардың қысқы, күзгі және көктемгі санақтарына қатысып, мониторинг жұмысын жүргізіп отырған. Жас зерттеушілер құстарды ғана бақылап қоймай, олардың мекен ету ортасы – көл суының, топырағы мен ауасының экологиялық ахуалын PASCO сымсыз лаборатория көмегімен зерттеп, талдау жасаған.
«Зерттеу жұмысын жүргізу барысында Қаракөлге жақын орналасқан қонақүйлерінің бірінен құбыр арқылы кәріз сулары құйылып жатқандығы байқалды. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметінше өлген аққулардан құс тұмауы табылғанымен, сыртқы фактордың әсерінен құстардың иммунитеті әлсіреп, құс тұмауына шалдыққан болуы мүмкін деген болжам жасап, біз осы болжамды ғылыми тұрғыдан зерттеуге кірістік», деді ғылыми жоба жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова.
Зерттеу барысында оқушылар мәселені бірнеше қырынан қарастырып, деректерді кешенді түрде жинақтаған. Олар тек бақылаумен шектелмей, тәжірибе жасап, алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыдан саралаған.
«Жоба барысында тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық зерттеулерді де жүргіздік. Бұл кезең ерекше жауапкершілікті талап етті, себебі алынған нәтижелердің дәлдігі бүкіл жобаның сапасына әсер етеді. Зерттеу кезінде кейде күмән мен шаршау сезімі болғанымен, жобаның маңыздылығы мен мақсаты бұл сезімдерден әлдеқайда жоғары тұрды. Экологиялық мәселелерді зерттеу барысында табиғат пен адам әрекетінің өзара байланысын терең түсіндік. Біз Қаракөлдің су құрамын, ондағы құстар әлемін, бұл аймақтың қоныс аударатын құстарға қаншалықты қолайлы екенін зерттедік. Қызыл кітапқа енген түрлері туралы мәліметтерді сарапшылар мен ресми деректер негізінде қарастырдық. Жетекшілерімізбен бірге жүргізген тәжірибелердің нәтижесін талдап, көл суының биохимиялық құрамының құстардың ауруға шалдығуына әсері болуы мүмкін деген болжамымызды ғылыми тұрғыдан дәлелдедік», деді Сара Сайранова.
Осылайша, Әмина мен Сара Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында өткен В.Я.Курбатов атындағы «Химия: ғылым және өнер» мектеп, гимназия, лицей және колледж оқушылары арасындағы XIV халықаралық олимпиада-конкурсына қатысып, «Химия және экология» секциясы бойынша жеңімпаз атанды.
«Бұл жоба өте өзекті тақырыпты қамтиды. Қаракөлдегі аққулардың қырылуы тек Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, әлемдегі осындай техногендік сулы-батпақты аумақтардың да маңызды мәселесі. Сондықтан бұл зерттеудің ғылыми әрі табиғатты қорғау тұрғысынан маңызы зор», деді профессор, биология ғылымдарының докторы, Мензбир орнитологиялық қоғамының президенті Эльдар Рустамов.
Көл суының химиялық құрамын зерттеу қорытындысында рұқсат етілген шекті концентрациядан көптеген химиялық компоненттің бірнеше есе артық мөлшері анықталып, құзырлы органдарға ресми хабарланған. Нәтижесінде, тиісті тексеріс жүргізіліп, Қаракөлге кәріз сулары құйылып жатқан құбыр алынып тасталып, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет қазынасына айыппұл өндірілген.
«Біз он жылдан бері еріктілерімізбен бірге мемлекеттік органдарға Қаракөлді сақтауға байланысты ұсыным беріп келеміз. Солардың бірі – Қызыл кітапқа енген құстар мекендейтін сулы-батпақты алқапты тәулік бойы қорғауға алу туралы. Осы жобамыздың нәтижесінде тиісті орындар жанайқайымызға құлақ асып, қазіргі таңда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Қаракөлді 24/7 форматында вахталық әдіспен қорғап келеді», деді «Эколидер» клубының аға волонтері Әділбек Қозыбақов.
Ал жас ғалымдардың жетекшісі Бақытгүл Жақсылықованың сөзінше, бұл жетістік жастардың ғылыми волонтерлікпен айналысуға әлеуеті мол екенін айқын көрсетті.
«Ғылым мектеп табалдырығынан басталады. Себебі зерттеу жұмыстарына қызығушылық қазіргі жастарда оқушы кезінде қалыптасып, әрі қарай студент, магистрант, докторант кездерінде дамиды. Ұстаз оқушы бойындағы дарындылығын айқындап, қабілетін ашып, ғылымға баулу арқылы ғылымға үлес қоса алады. Мектептен бастап, ғылыми зерттеу дағдысы қалыптасқан оқушы ғылымсүйер тұлғаға айналары сөзсіз. Ғылым дамыса, еліміз де дамиды, көркейеді, экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы дамыған елдермен теңеседі. Осылай біз болашақ Сәтбаевтарды, Асфендияровтарды, Есеновтерді тәрбиелей аламыз деген сенімім мол», деді ол.
Соңғы жаңалықтар
Гүлмарал Еркебаева күрестен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Спорт • Кеше
Астанада қоғамдық веложалдау жүйесі жаңғыртылады
Елорда • Кеше
Алматыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетудің жаңа тәсілдері талқыланды
Қоғам • Кеше
Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялаған азаматтар марапатталды
Марапат • Кеше
Ертең қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды?
Ауа райы • Кеше
2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?
Білім • Кеше
Қазақстандағы жаңа үйлердің орташа құны қанша?
Қоғам • Кеше
«Amanat» партиясы Кәсіпкерлер қанатын құрды
Бизнес • Кеше
Интернетсіз де ұшады: Болашақ офицерлер дронның көмегімен барлау жасайды
Технология • Кеше
Алматы, Астана және Шымкенттен тікелей рейс: Биылғы қажылық маусымның кестесі белгілі болды
Руханият • Кеше
Енді Ұлттық ұлан сарбаздарының эмоциялық жағдайын жасанды интеллект бақылайды
Әскер • Кеше
Алматы әуежайы жолаушыларға үндеу жасады
Алматы • Кеше
Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңде жедел әрекет етуді тапсырды
Қоғам • Кеше
Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру уақытша тоқтатылады
Қазақстан • Кеше
Президент Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті Азия чемпионы атануымен құттықтады
Президент • Кеше