Кабулда Қазақстанның жаңа сауда үйі жұмысын бастады

23.06.2026

Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту аясында Кабул қаласында сауда үйін ашты.
Жоба қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге және екі ел арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған.

Сауда үйінің ашылуы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға жасаған бизнес-миссиясы аясында өтті.

Салтанатты рәсімге «QazTrade» АҚ бас директоры Айтмұхамед Алдажаров пен ауғандық Afghan German Bakhtar (AGB) компаниясының бас директоры Сұлтан Ахмад Саруари қатысты. Жоба ауғандық серіктеспен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.

Айта кетейік, Қазақстанның Ауғанстандағы алғашқы сауда үйі 2024 жылы Герат қаласында ашылған болатын. Оның жұмысы оң нәтиже көрсеткен соң, тараптар ел астанасы Кабулда жаңа әрі ірі сауда алаңын іске қосуды қолға алған.

Кабулдағы сауда үйі қазақстандық өнімдерді таныстыратын және сататын тұрақты көрме орталығы ретінде жұмыс істейді. Мұнда азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларын өткізу алаңы, Қазақстанда құрастырылған автокөліктердің көрме залы, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауға арналған фармацевтикалық қойма орналасады.

«QazTrade» АҚ бас директоры Айтмұхамед Алдажаровтың айтуынша, бұл жоба екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Кабулдағы сауда үйінің ашылуы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз отандық өнімдерді ілгерілетуге, жаңа серіктестер тартуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға арналған тұрақты алаң қалыптастырып отырмыз, – деді ол.

Сауда үйінің ашылуы аясында нақты іскерлік келісімдер де жасалды. Атап айтқанда, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ мен Afghan German Bakhtar Company арасында мырыш кенін жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанға жыл сайын шамамен 30 мың тонна мырыш кені жеткізіледі. Келісімнің жалпы құны 18,88 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба «Қазмырыш» кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар тараптар автомобиль өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Кабулдағы сауда үйінде Қазақстанда құрастырылған автокөліктер қойылып, алдағы уақытта сервистік қызмет көрсету және техникалық қолдау жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

Фармацевтика саласы да ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болмақ. Арнайы қойманың ашылуы қазақстандық дәрі-дәрмектерді ауған нарығына тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, халқы 40 миллионнан асатын Ауғанстан Қазақстан үшін перспективалы нарықтардың бірі саналады. Бұған дейін қазақстандық экспорттың негізгі бөлігін астық, ұн және күнбағыс майы құраса, енді өнеркәсіптік өнімдер, техника, автокөліктер және фармацевтикалық тауарлар сияқты жаңа бағыттар дамып келеді.

GWM Capital LTD директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Құдайбергеннің айтуынша, Кабулдағы сауда үйі Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ұлғайтуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған маңызды платформаға айналмақ.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью