Камбэк Аргентинаны ширек финалға шығарды

09.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Барша жұрт «Мерседес-Бенц­тегі» бәсекенің фавориті ретінде Аргентинаны атады. Оған еш талас жоқ. Тіптен Лионель Скалони жаттықтыратын құрама қа­тарынан екінші рет әлем чемпионы атануы мүмкін деген де жормалдар айтылып қалады. Десе де, Мысыр елі футболшыларының алаңға «өліспей-беріспейміз» деген қағидатпен шық­қаны бірден аңғарылды. Атағы жер жарған Аргентинадан еш қаймықпаған олар өте тамаша ойнады. 15-минутта әуелеп келген допты Яссер Ибрагим торға дәл түсірді, есеп – 0:1. Арада біраз ғана уақыт өткеннен соң, Мысыр­дың қақпасына пенальти белгіленді. Алайда 11 метрлік нүктеден Месси мүлт кетті. Оның бағыттаған добын Мұстафа Шубейр тоқтатты. Одан кейін де Алексис Макаллистер мен Хулиан Альварестің таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ шамырқанған Шубейр бұл соққыларды тойтарды.

Үзілістен кейін де аргентина­лық­тардың үздіксіз шабуылы жалғасты. Мысырлықтар асықпай жүріп, оң­тайлы сәтті күтті. 59-минутта барлық қор­ғаушыны артқа тастаған Мұстафа Зико мергендік танытты. Бірақ соның алдында ол ереже бұзды. Сол себепті бұл гол есепке алынбады. Бірақ «фараондар» алған беттерінен қайтпады. 67-минутта Мұхаммед Салах бастаған шабуыл­ды Хессем Хассан жалғастырды. Бір­неше қорғаушының арасынан сытылып шыққан ол Зикоға допты жылжыта салды. «Парамидстің» шабуылшысы екінші голды торда тулатып, есепті  0:2-ге жеткізді.

Қалайда есе қайтаруды көздеген Аргентина құрамасы қарқынын бәсең­деткен жоқ. 79-минутта Мессидің кө­теріп берген пасын Кристиан Ромеро баспен ұрып, торға дөп түсірсе, 83-минутта қақпа алдындағы қарбалас­ты сәтті пайдаланған Лионель дәл соққымен таразы басын теңестірді. Бұл – Мессидің осы чемпионаттағы 8-голы! Осылайша, Аргентинаның арланы аталған жарыстың мергендер сайысында жеке-дара көш бастады. Ал 90+2 минутта Энцо Фернандес нысананы дәл көздеп, жеңіс голын соқты. Міне, «камбэк» деген осы! Айналасы 13 минут ішінде  үш гол соққан Оң­түстік Американың оғыландары келесі кезеңге өтті.    

Швейцария мен Колумбия құра­ма­ларының келесі кезеңге шығу мүм­кіндігі шамамен бірдей бағаланды. Расында да, бұл командалардың екеуі де қарулы. Өз топтарында бірінші орын алған олар 1/16 финалда да жақ­сы ойын өрнегін көрсетіп, жанкү­йер­лер жүрегін жаулады. Алайда Альпі тауы етегінен келген құраманың бір артықшылығы барын айтпай кетуге болмайды. Олар үшін Ванкувер өз үйіндей болып кетті. Себебі соңғы екі матчты Нестор Лоренсоның шәкірттері дәл осы «Би-Си-Плейс» стадионында өткізді. Бұл жолы да жол машақаты­нан құтылған швейцариялықтар еш алаңсыз дайындалып, 1/8 финалдық бәсекеге тас-түйін дайындықпен келді.

Расында да, Ванкувер швейцария­лықтарға құтты мекен екен. Қос құрама бір-бірімен әбден тірескенімен қақпа кілтін таба алмады. Негізгі және қосым­ша уақытта да таблодағы есеп өзгер­ген жоқ. Ал пенальти соғу барысында Швей­цария құрамасы 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью