Azh.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Канада провинциясы Британдық Колумбияда мектеп пен тұрғын үйге жасалған қарулы шабуыл салдарынан 10 адам қаза тапты, оның ішінде күдікті де бар. Тағы 27 адам жарақат алды. Қайғылы оқиға ел тарихындағы мектептегі екінші ең көп құрбан болған шабуыл болып тіркелді, деп хабарлайды АА.
CBC арнасы Корольдік канадалық атты полицияның (RCMP) мәлімдемесіне сүйене отырып хабарлағандай, атыс Тамблер-Ридж ауданындағы мектепте болған. Шабуыл кезінде мектепте 6 адам қаза тапты, тағы біреуі ауруханаға бара жатқанда көз жұмды. RCMP бөлімшелері оқиғаға байланысты деп есептелген жақын маңдағы үйден тағы екі адамның денесін тапты. Сондай-ақ күдікті деп саналатын адамның мәйіті мектеп аумағынан табылды.
RCMP хабарлауынша, екі зардап шеккен адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Тағы 25 адам өміріне қауіп төндірмейтін жарақаттармен жергілікті медициналық орталықта тексеруден өтуде. Барлық оқушылар мен қызметкерлер қауіпсіз түрде эвакуацияланды.
Күдікті телефон арқылы таралған ескерту хабарламасында «қоңыр шашты көйлек киген әйел» ретінде сипатталған адам екені анықталды. Шамамен 100 оқушы мен мектеп қызметкері толық эвакуацияланды. Тамблер-Ридж ауданындағы бастауыш және орта мектептер осы аптаға жабылады.
Канада премьер-министрі Марк Карни әлеуметтік желідегі жазбасында қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты: «Мен Тамблер-Ридждегі қорқынышты қарулы шабуылдардан қатты қайғырдым. Жақындарын жоғалтқан отбасылар мен достарына шын жүректен көңіл айтамын». Ол канадалықтармен бірге қайғырып отырғанын атап өтті: «Мен төтенше қызметтердің батылдығы мен жанқиярлығына ризамын. Дағдарыс кезінде бірігу қабілетіміз — еліміздің ең жақсы қасиеттерінің бірі».
Британдық Колумбия премьер-министрі Дэвид Эби оқиғаны «трагедия» деп атады: «Бүгін кешке біздің жүрегіміз Тамблер-Риджде жақындарын жоғалтқан отбасылармен бірге. Мұндай кештерде балаларымызды қаттырақ құшақтағымыз келеді. Бұл оқиғаның жаңғырығы ұзақ жылдар бойы естілетін болады».
Тамблер-Ридж мэрі Дэррил Краковка оқиғаны «жаппай атыс» деп атап, қауымдастықтың бірлігін ерекше атап өтті: «Мен қаза болғандардың әрқайсысын білемін. Бұл жерде 19 жыл тұрамын, біз шағын қауымдастықпыз. Мен оларды “тұрғындар” деп емес, “отбасым” деп атаймын».
Бұл оқиға Канада тарихындағы мектептегі екінші ең көп құрбан болған шабуыл болып отыр. Бұған дейін 1989 жылы Монреальдағы «L’Ecole Polytechnique» мектебінде болған атыста 14 адам қаза тапқан еді.
Тамблер-Ридж қаласының халқы шамамен 2400 адам. Ол Канада батысында, Скалист тауларының етегінде, АҚШ шекарасынан шамамен 680 шақырым қашықтықта орналасқан.
Бүгін, 11:56