Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Қазақстанда 2026 жылы пияз өндірісі артып, экспорты азаяды. Ал картоп өндірісі өскенімен, оның экспорты мен ішкі тұтыну көлемі төмендейді деп болжанып отыр. Бұл туралы "Астық және майлы дақылдар. Қазақстан" ғылыми-зерттеу бюросы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп әзірлеген есепте айтылған.
Пияз: өндіріс пен тұтыну артады
Болжам бойынша, 2026 жылы Қазақстанда пияз өндірісі 911 мың тоннаға жетеді. Бұл 2025 жылғы 876,5 мың тоннадан көп.
Негізгі көрсеткіштер мынадай:
Экспорт 125 773 тоннадан 119 800 тоннаға дейін төмендейді;
Импорт 111 631 тоннадан 121 000 тоннаға дейін артады;
Өндіріс 876 499 тоннадан 911 000 тоннаға дейін өседі;
Ысырап пен өндірістік қажеттілікке жұмсалатын көлем 105 180 тоннадан 102 000 тоннаға дейін азаяды;
Халықтың тұтынуы 771 555 тоннадан 804 000 тоннаға дейін артады;
Жан басына шаққандағы тұтыну жылына 38 келіден 39 келіге дейін өседі.
Картоп: экспорт пен тұтыну азаяды
2026 жылы картоп өндірісі 3 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,97 млн тоннаны құраған.
Болжамға сәйкес:
Экспорт 584 129 тоннадан 500 000 тоннаға дейін төмендейді;
Импорт 241 736 тоннадан 200 000 тоннаға дейін азаяды;
Өндіріс 2 967 021 тоннадан 3 млн тоннаға дейін артады;
Ысырап пен өндірістік қажеттілікке жұмсалатын көлем шамамен 653 мың тоннадан 527 мың тоннаға дейін төмендейді;
Халықтың тұтынуы 2 699 150 тоннадан 2 128 000 тоннаға дейін азаяды;
Жан басына шаққандағы тұтыну жылына 132 келіден 103 келіге дейін төмендейді.
Нарықтағы жағдай қандай?
Зерттеу бюросының мәліметінше, қазіргі уақытта нарыққа отандық пияз бен картоп енді ғана шыға бастады. Оңтүстік өңірлердегі құрғақшылық пен солтүстіктегі шамадан тыс ылғалға байланысты отандық өнім көлеміне қатысты болжамды қайта қарау қажет болуы мүмкін.
Сонымен қатар әзірге өнім жеткізілімінде іркіліс қаупі жоқ. Нарықтағы ұсыныс пен баға тұрақты деңгейде.
2026 жылға арналған көрсеткіштер қаңтар-қыркүйек айларындағы статистикаға, фитосанитариялық сертификаттарға және орташа мәндерге сүйене отырып есептелген. Сондықтан нақты нәтижелер болжамнан өзгеше болуы мүмкін.